"Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда жалған кәсіпкерлік саласында 49 қылмыстық іс өндірісте болса, соның 24-і аяқталған", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеулер қызметі көлеңкелі экономикамен күрес басқармасының басшысы Серік Елгезековтің айтуынша, жалған кәсіпкерліктен келген залал 806,1 млн. теңгені құрап, мүлікті тұтқындауды қоса алғанда, соның 87,5 млн. теңгесі немесе 10,8 пайызы өндірілген.
Қазіргі кезде жалған кәсіпкерлікті жүзеге асыру бойынша 6, ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастыру мен қатысуға байланысты 2 қылмыстық іс сотта қаралуда.
Мемлекетке келтірілген залалды өндіру мақсатында жалған кәсіпкерлердің контрагенттеріне хабарламалар беру (646) жұмысы жүргізілуде. Соның нәтижесінде 726,3 млн. теңге қосымша салық түсіп, 387,6 млн. теңге өндірілді.
«Жалған кәсіпкерліктен мемлекетке орасан зор көлемде залал келтірілуде. Бұл қылмысқа барғандар ҚР ҚК 215-бабы бойынша жауап береді. Сонымен қатар нақты орындалмаған жұмыс көлемі үшін есеп-фактура берген жеке кәсіпкерлік нысандары 216-бап бойынша жауапқа тартылады», деді С.Елгезеков.
Айта кетейік, еліміз бойынша экономикалық тергеулер қызметі саласында биылғы тоғыз айда 2582 іс (өткен жылы осы мерзімде - 2204) өндірісте болса, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне 1304 (1922) қылмыстық іс тіркелген. 866 қылмыстық іс (33,5 пайыз) аяқталып, соның 818-і (31,6 пайыз) сотқа жіберілген.