29 нау, 2024 сағат 18:07

БҚО-да мыңға жуық адам су тасқынына қарсы жұмыстарға жұмылдырылды


Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және Ішкі істер министрлігінен 998 адам (300 техника, 124 мотопомпа) жұмылдырылды.

БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бүгін түнде өңірге Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 46 адам 5 техника, 8 мотопомпа және 2 қайықпен көмекке келді. Олар Орал қаласы және Бөрлі ауданындағы су тасқыны зардаптарын жоюға тартылды.

Облыс бойынша 25 наурыздан бері 453 мың текше метр қар суы сорылып, инертті материалдармен 42 950 қап төселді.

«Қазіргі кезге дейін барлығы 455 тұрғын үй су астында қалды. Бөрлі ауданының Ақсу ауылында 161 адам эвакуацияланды. Сондай-ақ кеше ҚР Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағымен Қаратөбе ауданының 271 тұрғыны қауіпсіз жерге көшірілді. Осы уақытта Қаратөбе ауданында эвакуациялық жұмыстар жалғасуда. Теректі ауданында инженерлік жұмыстар жүргізілуде, ал Сырым ауданында еріген қар суы сорылуда. Орал қаласында, Қаратөбе, Сырым, Бөрлі және Теректі аудандарында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануына байланысты қажетті іс-шаралар алынуда», - деп хабарлады ведомстводан.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Шыңғырлау өзені арнасынан асып, бір ауылға су кіргенін жазған болатынбыз.