"Кеше сағат 16.10 шамасында БҚО-ға қарасты Ветелки елді мекенінде жалпы аумағы 550 шаршы метрді қамтыған қойма өртенді", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Бибігүл Нұрмұханованың айтуынша, шатыры өртенген қоймаға қоса 5 гектар жердің шөбі де отқа оранған. Өрт сөндіруге 53 адам, 11 техника қатыстырылып, сағат 17.42-де «тілсіз жау» ауыздықталды. Соның нәтижесінде 70 тонна сұлы сақталған тағы бір қойма өрттен аман қалды.
Айта кетейік, «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС иелігіндегі аталған қоймада 30 тоннадай астық қалдығы (кебек) болған.
Тамыз айы бойы күн ыстық болғандықтан, өңірде өрт қауіптілігі сақталуда.