Фото: «Орталық коммуникациялар қызметі»
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталғанда неліктен отставкаға кетпегенін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Биыл тамыз айында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Балтаев қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін жұмыстан босатылып, жауапқа тартылған еді.
«Бұл мәселе қалай болды? Әлеуметтік желіде осындай әңгіме болып жатқанын көрдік. Одан кейін орынбасарымды шақырып, осы мәселені анықтадым, қаншалықты дұрыс екенін өзінен сұрадым. Біз комиссия құрдық. Сол комиссия жұмысының қорытындысымен ол өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Соған байланысты мен оның теріс қылықтары үшін жұмыстан босаттым. Яғни сотқа дейін», - деді Төреғалиев Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Әкімнің өзі де отставка жөнінде ойланғанын атап өтті.
«Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, егер менің қарамағымдағы орынбасарым сол қылмысты жасаған мерзім үш айдан асып кеткен жағдайда 10 күн ішінде отставкаға өтінім беруім керек. Бірақ ол қылмыс жасалған кезде менің келгеніме үш ай болған жоқ. Мен 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалдым. Яғни ақпан айында менің келгеніме тек 2 ай болған. Ал қылмыс жасалған мерзім үш айдан асып кетсе, сәуір немесе маусымда болған жағдайда мен отставкаға кетер едім. Сондықтан заңға сәйкес, отставкаға өтінім берген жоқпын. Заң бәрімізге ортақ», - дейді ол.
Сонымен бірге, өңір әкімі Ержан Балтаевпен болған жайтты өте өкінішті екенін, өзі және басқарып отырған әкімшілігі үшін өте ұят болғанын айтты.
«Алдағы уақытта осындай жайттарды болдырмау үшін біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментімен бірге жол картасын жасадық. Оған қоса, сыбайлас жемқорлыққа жақын, қаражат көп жүретін мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық арқылы біз ішкі аудит жүргізіп отырмыз. Құрылыс, білім басқармасы, осындай негіздер болып қалады деген басқармалармен жемқорлыққа қарсы департаментпен бірлесіп, осындай бұйрықтар шығардық. Ішкі аудит те жүргізіледі», - дейді Төреғалиев.