Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елімізде бизнесті қолдаудың жаңа бағыты туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шағын бизнесті қолдау маңызды болып отыр. Кредиттер мен кепілге қолжетімділік мәселесін шешу – шағын және орта бизнестің, әсіресе, микробизнестің даму факторы. Сондықтан «Бизнестің жол картасы - 2025» мембағдарламасына «микро және шағын бизнесті микрокредиттеу» жаңа бағыты қосылады», - деді министр онлайн режимде халық алдында есеп беру барысында.
Жаңа бағыт 6 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша субсидиялау арқылы қаржыландыруды көздейді. Несие көлемі айналымдағы құралдарды толықтыруға 5 млн теңгеге дейін, өндірістік қажеттілікке 20 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл микробизнес өкілдерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бизнес субъектілері кепілінің жеткіліксіздігі жөніндегі мәселе де шешімін тапты. Даму қоры негізгі займның 85 пайызына дейін кепілдендіреді.
«Жаңа бағыт «Бизнестің жол картасы - 2025» мембағдарламасына өзгерістер енгізуді, сондай-ақ, рәсімдер мен екінші деңгейлі банктерді тартуды талап етеді. Сондықтан, жаңа бағытты осы ай ішінде іске қосу жоспарланып отыр», - деді Дәленов.