06 там, 2021 сағат 19:43

Біздің теннисшілер жақсы нәтиже көрсетті - Елсияр Қанағатов


Токио Олимпиадасы ойындарында теннистен ел намысын қорғаған спортшылардың көрсеткіштеріне баға берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Токио Олимпиадасында қазақстандық теннис спорты жаңа деңгейге көтерілді. Теннис федерацисының жұмысын нәтижелі болды деуге болады. Өздеріңіз білетіндей, әр облыста теннис секциясының саны жыл санап артып келеді. Біздің теннисшілер жақсы нәтиже көрсетті», - деді ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, елімізде теннис спортына қызығатын жасөспірімдер үшін жан-жақты қолдау бар. 

«Біз Олимпиадаға 8 жолдама алып, 7 теннисші қатысты. Бұрын мұндай көрсеткіш болған емес. Алдағы уақытта бұл спорт түріне баса назар аудару керек», - дейді ол. 

Айта кетсек, Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Елена Рыбакина, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова жекелей сында додаға түссе, А.Бублик пен А.Голубев, Е.Рыбакина мен Я.Шведова жұптық сынға түсті.