04 қаз, 2016 сағат 12:37

"Біздің қазақ жер-судан ай­рылып қалса, не күн көрмекші?.."

Біздің қазақ халқы Россияда инородец болған жұрттардан да ғылым жағынан төмен халқы болып, жер-судың арқасында күн көріп, ойнап-күлгенге мәз болып жүріп жатыр. Бұл күн­дерде бізден басқа халықтың бәрі де оянып, не нәрсе өзіне пайдалы жағын ұстап, залалы жағын қоя беріп жатыр. Біздің қазақ әлгі өзінің қызығында жүр. Орыстардың бағзы білгіш кісілері айтады: осы қалыпта болса енді бір ғасырдан кейін, яғни, жүз жылдан соң, «Қазақпын» деген адам, «қазақпын» деген жұрт болмаса керек дейді. Бұлар біздің жүз жылдан соң болмайтындығымызды ешқайсысы көріп білген жоқ, алайда болса, қазақтың жүрген жүрісінен, тұрған тұрысынан шамалайды.

Қанеки, біздің қазақ жер-судан ай­рылып қалса не күн көрмекші? Соның үшін әркімге керекті, керексізді білуге тиіс екен, керекті, керексізді біле қоюға біздің жұртта құрал жоқ. Бізге әуелі сол құралға жармасу керек. Ол құрал ғылым-білім. Пайдаға жабыстырып, залалдан қашыруға себеп болған сол ғылымды келетұғын заманда өзімізге құрал қылуға бір жол бар, ол мол шамамыз келгеніміз балаларымыздың қолын жеткізіп, оқыту керек. Сол оқу, білім құралымен құралданған соң, ешкім үйретпей-ақ қалай баратұғынын біледі.

Оқу-білім дегенмен, мұсылманша оқи берумен іс бітпейді. Біреу мұсыл­манша оқып, «ахрауй» кісі болса, екінші біреу орысша оқып, «дүнияуй» кісі болса, сонда іс бітеді.

Болмаса, мен оқу оқимын дегеннің барлығы молда, мүдәріс бола беруі мүшкіл һәммәде хүкіметке хылап болып кетеді. Оқу хақында болған Расұлымыздың «хадисінде де», «Құранда да» дін ғылы­мынан басқаны оқымаңыз деген сөз жоқ. Ғылым, білім деген сөз қай жерге болса да жүреді. Біз өзімізге ғибрат үшін осы орыс ішінде жүрген еврей (жәйід) деген жұртты алайық. Осы жұртта өзімді деген бір сажын жері жоқ, білімменен күн көріп жүр. Солай болса да жері біздің қазақ халқынан басқар-ақ. Еврейдің балалары ойнап жүргенде үйінде отырып, өз тілін, жазуын, орыс тілін жазуын біліп қояды. Сонан соң, гимназия тіпті университетке дейін оқиды. Еврейлерге орыс школдарында өз ақшасымен оқуға да орын аз. Біздің қазақ жанынан ақша салып оқу түгіл, қаза хисабына оқытатұғын «Киргизская стипендияда» оқымайды. Осы күнде Омскіде учительск семинарияда ветеринарный, медицинский, фельдшерский курстарда һәм Қостанайда реальный училищеде, Тройцкіде һәм Орынбордағы гимназияларда, Орынборда қазақ учительский шко­ласында қазақ үшін ашылған стипендиялармен оқыған қазақ балалары ғұмұм қазақ халқына салыстырғанда он мың жанға бір оқушы келмесе керек. Бұл хисап оқушыларымыздың жоқ хисабында екендігін білдіреді. Біздің жұрттың әр жерде орынды жұмыстан құры қалып жүргені де осы қараңғылық арқасында. Жүміләдан бері ең керекті болған мемлекеттік думаға сайлау правосынан құр қалуы да осы білімсіздіктің алып берген олжасы. Білімнен басқа бір адым жер аттау қиын. Бізге осы ғылымның керекшілігін өзімізге борыш деп біліп, ең соңғы нанымызды салу керек. Тағы да мұны айтайық бізге дүнияуй ғылым үйренетұғын кісіміздің соңынан милләтімізге пайдасы тиуіне көз салып, әуел: орысша оқитын кісінің болмаса өз тілінде болған Әбітай мектепте оқып, әр жерден хабардар болуы шарт. 

Жұртта бір ұнамаған мінез бар. «Орысша оқыса - бұзылады» дейді. Жа­мандыққа орысша шарт емес, оқымай-ақ бұзылған кісі оқып бұзыл­ғаннан көбірек.


Ғалалдин Мамиков.
Айқап, 1915 №1

Ұлт порталы