Мемлекет басшысының басты міндеттерінің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Бұл туралы Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында ерекше атап өтеді. Мемлекет басшысының ұсыныстары негізінен елдің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Тоқаев елдің сыртқы саясатында теңгерімді ұстанымдарды сақтауға, көпвекторлы саясатты жалғастыруға және халықаралық серіктестік пен диалогты нығайтуға баса назар аударады. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтай отырып, халықаралық ұйымдармен және мемлекеттермен байланыстарды күшейтуге ұмтылуда.
Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді.
Мемлекет басшысының ұлттық қауіпсіздікке қатысты негізгі ұстанымдары берік екенін айта кеткен жөн.
Қорытындылай келе, Қазақстан әділетті әрі тұрақты қоғам құрып келеді. Бұл мақсатта жұмыстар жалғасын табады. Қазақстан заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғамға айналуы тиіс. Бұл Мемлекет басшысының ұстанатын позициясы. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады.
Дегенмен бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қазақстанның басты міндеті болып қала береді. Сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құрылады. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін Астанада Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өтті.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптайды. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдап, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешуге тырысады.