ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева 7 жасар баланың ісіне қатысты толық әрі кешенді сараптама жүргізілуі керектігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз ең әуелі баланың денсаулығын ойлауымыз керек. Сондықтан да бір ғана толық әрі кешенді сараптама жүргізілгені жөн. Сараптамаға жоғары білікті мамандарды, қос тараптың өкілдерін тарту қажет. Ертең сараптама нәтижесі шыққанда, әлдекім көңілі толмай, заңсыз жүргізілді деп қайта сараптама өткізуді талап етпейтіндей жасалуы керек. Баланың психикасы, денсаулығы үшін бұл өте маңызды. Тергеу жұртшылықты сараптама нәтижесінен хабардар етеді деп ойлаймын", — деді Балиева.
Ол бүгін басқа да тәуелсіз сарапшылармен сараптамаға кіргізу туралы өтініш жазатынын айтты.
"Тергеуге сараптамаға қатысу туралы өтініш жазамын. Бірақ мені кіргізе ме жоқ па, ол жағын білмеймін. Өйткені сарапшыларға қойылатын талаптар бар. Кәсіби мамандарды тартады", — деді Балиева.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл тергеуінің сараптаманы белгілегенін атап өтті.
"Тергеуші сараптаманы белгіледі, сондықтан ол міндетті түрде жүргізіледі. Қазір тергеуші осында, мемлекеттік органдармен бірлесіп білікті мамандарды жинап жатыр", — деді ол.
Еске салып өтсек, үш-төрт күн бұрын отандық БАҚ бетінде "Абай ауылындағы мектептердің бірінде 7 жасар баланы жоғары сынып оқушылары бірнеше рет зорлаған" деген ақпарат тараған еді. Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылында бар-жоғы бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен 4 оқушы 5 ай бойы зорлап келген көрінеді. Жәбір көрдім деген бала бұл туралы туыстарына былтыр тамыз айында айтқан екен. Содан бері полицейлерге неше мәрте барғанымен тәртіп сақшылары шағымды тек қаңтар айында қабылдапты.
Алайда сот-медициналық сараптама қорытындысы бірінші сынып оқушысына сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық жасалғанын теріске шығарды.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева Шымкент қаласына барып, 7 жасар бүлдіршінді әжесімен бірге Астанаға алып келді. Қазір баланың жағдайы жақсы, онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.
Кеше ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектепте болған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға шара қолданды. Атап айтсақ, ҚР заңына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы О.Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73, №74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриев қызметінен босатылды.