Фото: Мәжіліс Баспасөз қызметінен
Бүгін Парламенттің төменгі палатасының кезекті отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев 1,5 жыл күткен ойын бизнесін реттеу, яғни лудоманиямен күрес бойынша заң жобасын қолға алғандарын айтты деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".
"Осы кезең ішінде қаншама талқылау, қаншама пысықтау болды. Қоғам дертіне айналған бұл мәселе жөнінде қөптеген депутаттық сауал жолданып, арнайы отырыстар ұйымдастырылды. Осыған жауапты мемлекеттік мекемелер өкілдерін шақырып, тыңдау да өткіздік. Ең бастысы, Мәжілістегі барлық фракция өкілдері осы заңға бастамашы болып отыр.
Сонымен бірге, Президент жанындағы жастар кеңесінің өкілдерімен, Ұлттық Құрылтай мүшелерімен де бірге талқыладық. Қоғам белсенділері мен сарапшылардың қатысуымен қарастырдық. Қысқасы, заң жобасына Үкіметтен қорытынды алу оңай болмады.
Әдетте, басқа заңдар бойынша қорытындыны 1-2 ай күтетін болсақ, ал бұл заңға келгенде тым созылып кетті.
Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын", - деген депутат демек, мұның айналасында мүдделі топтар бар деген болжам айтты.
Е. Бейсенбаевтың берген мәліметтері бойынша былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан көрінеді.
"Сондықтан осынау заң жобасы өте өзекті әрі қоғам үшін маңызды екені анық. Тіпті бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бірнеше рет көтеріп, нақты тапсырма берді. Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық Құрылтайда бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер. Шыны керек, қазіргі таңда Қазақстанда ойынқұмарлық індеттей өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастады. Оның басты себебі – құмар ойындарының жұртшылыққа оңай қолжетімді болуы және оны ұйымдастырушылардың интернеттегі сайттарының кеңінен таралуы", - деді депутат.
Деректер бойынша, соңғы екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай да бір қатысы бар. 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған.
Ажырасулардың 40%-на осы лудомания тікелей себеп болып отыр екен. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.
"Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Бұрын сарбаздар арасында әлімжеттік бар болғанымен, суицид өте сирек кездесетін. Қазір әлімжеттік азайғанымен, сарбаздардың өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, осындай жантүршігерлік қадамға барып жатыр", - деп отыр ол.
Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады екен.
"Осылайша, лудомания 21 ғасыр дертіне айналып отыр. Тіпті мектеп оқушылары да ойынға қатысып, бәс тіге бастады. Олардың ересек туыстарының атынан тіркеліп, ойнау фактілері жиілеп кетті. Мәселен, шамамен еліміздегі әрбір бесінші жас букмекерлік кеңселерде бәс тігеді. Бұл дегеніңіз бір миллионнан астам жас кемінде бірнеше рет құмар ойынға бәс тіккен деген сөз. Бұрын ойын автоматтарымен ойнаса, енді оның барлығы онлайнға көшті. Бала кезінен құмар ойынына үйір болған балалар өсе келе оған біржола тәуелді болып қалуда. Оның соңы қарызға кіруге, суицидке, ажырасуға және маскүнемдікке әкеледі. Ақыр соңында бұл жеке адамның ғана емес, отбасының, бүкіл қоғамның проблемасына айналды. Бүгін қарастырғалы отырған заң жобасы осы мәселені ауыздықтап, реттеуге арналған", - дейді депутат Бейсенбаев.
Құмар ойынның етек алып кетуіне оның ешбір тежеусіз жарнамалануы да әсер етіп отыр деген пікірде мәжілісмен. Букмекерлік кеңселер жарнамаға қомақты қаражат жұмсап жатқан көрінеді.
"Телеарналар, ресми интернет сайттар, Youtube арналары, ТikTok, Instagram, Telegram сияқты әлеуметтік желілерде букмекерлік кеңселердің жарнамасы толып жүр. Сонымен қатар кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары, белгілі блогерлер, медиа жұлдыздар да осы зиянды құбылысты жарнамалап жүр", - деп отыр депутат.
Депутаттың сөзінше ұсынылып отырған заңда құмар ойынды жарнамалауға да тыйым қарастырылған.
"Енді осы заң жобасын тағы да жан-жақты пысықтап, тез арада қабылдауымыз керек. Мұны Президент Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет» деп нақты тапсырғанын білесіздер", - дейді депутат.
Қоғамдық дертті ауыздап, оған тосқауыл қоюды көздеген осынау заң жобасында келесі шаралар көзделген:
Бірінші. Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде жарнамаға толық тыйым салынады.
Екінші. Ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектеледі. Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады.
Үшінші. Онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады.
Төртінші. Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар 25 жасқа дейінгі жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді.
Бесінші. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады.
Алтыншы. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.
Жетінші. Заңды тұлғалардың 25 жасқа дейінгі адамдарды құмар ойындарға және бәс тігуге жібергені үшін және орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуы шектелген адамдарға әкімшілік жауаптылығы белгіленеді. Бұл ретте, бір жыл ішінде қайталанатын болса, бұл заң бұзушылық лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға әкеп соғады.
Сегізінші. Балалар, білім беру, медициналық, діни және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.
Тоғызыншы. Сот актісі негізінде қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімін жүргізу, сондай-ақ банктер мен төлем жүйелеріне олардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салу.
Оныншы. Букмекерлік кеңсенің немесе тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылардың өз аппараттық-бағдарламалық кешендерінің Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз ету міндеті белгіленеді.
Бұл заң аталған өзгерістерімен қабылданатын болса, онда қоғамды сауықтыруға, құмар ойындарының таралуын шектеуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге, осы саладағы көлеңкелі экономиканың белең алуына да тосқауыл қояды.
Біз тек заң қабылдаумен ғана шектеліп қалмаймыз. Заңның іске асын қамтамасыз ететін заң аясындағы нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын да бақылаймыз. Олардың орындалуын көзімізден таса етпейтін боламыз.
Сонымен қоса, бұл күресте тек қана заңды күшейтумен шектеліп қана қоймай, психологиялық және қаржылық сауаттылық тұрғыдан ағарту жұмыстарын жүргізу, жастардың бос уақытында спортпен, шығармашылықпен айналысу мүмкіндігін кеңейту сияқты жан-жақты жұмыс жасау қажет. Тиісті мекемелерге осы шараларды қолға алуды ұсынамын.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келе, әріптестер, Сіздерді осы бағытта табандылық танытып, заң жобасын қолдауға шақырамын.