Бүгін Ақордада өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов Елбасының тапсырмасына сәйкес Оңтүстіктен 700 отбасы көшетінін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
ҚР Денсауық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Солтүстікке көшіп жатқан жастарға "Жұмыспен қамту" бағдарламасы арқылы көмектесіп жатқандарын жеткізді.
«Солтүстік Қазақстанның барлық аудандарының әкімдері Оңтүстікке барып, жәрмеңке өткізіп, мамандарды таңдап алды. Қазір соларды жұмысқа тұрғызып жатыр. Ал жастарды ҚР Білім және ғылым министрлігі қосымша жіберіп жатыр. Биылдың өзінде 3000 жасты Солтүстік Қазақстанға оқуға жіберді. Ал біздің министрлік "Жұмыспен қамту" бағдарламасы арқылы қаражатын беріп жатырмыз. Ал, Білім және ғылым министрлігі жастарды оқуға түсіру мәселесін шешуде», - дейді Тамара Дүйсенова.
Президент бос тұрған лицейлерге балаларды көбейтіп, кәсіптік білім беруді қолға алуды әкімге тапсырды.
«Мәселе мынандай. Егер мамандығы болмаса ол жастар қалмайды. Қазір лицейлердің бәрі бос болып тұр. Соған балаларды апарып, 1,5 жылдың ішінде оқытуымыз керек. Бірінші мамандықты тегін береміз деп жарияладық. Сондықтан жастардың тегін мамандық алып, өндіріске тұруына көмектесу керек. Бұл үрдіс Павлодар, ШҚО, БҚО, Ақмолада жалғасуы тиіс. Сол кезде балалар сонда жұмыс істеп қалады», -деді Елбасы.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыстар істеліп жатқанын айтты.
«Жоспар бойынша Солтүстік Қазақстан облысына 101 отбасын көшіру болған. Дегенмен 111 отбасы көшіп келді. Енді Оңтүстік Қазақстаннан биылдың өзінде 700 отбасы көшіп келмекші», - дейді Ерік Сұлтанов.