Фото: Ақорда
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Мемлекет басшысымен болған қабылдауда баяндады. Кездесуде басқарма төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұлттық компанияның биылғы 7 айда атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Ult.kz.
Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаз» геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізіп келе жатқанын айтты. Биыл қолданыстағы кен орындарын қосымша барлау үшін 7 ұңғыманы бұрғылау жоспарланып отыр. Оның 3-уі бұрғыланған.
Қытайдың CNOOC компаниясы алғаш рет еліміздегі геологиялық барлау ісіне қаржы құюға шешім қабылдады. Сондай-ақ Sinopec компаниясы Қазақстанға қомақты инвестиция салуға ниетті. Shell, Chevron, British Petroleum трансұлттық корпорациялары Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау өңірлеріндегі учаскелерді жан-жақты зерттеуде.
Соңғы 7 айда мұнай мен конденсат өндірісінің көлемі 15,3 млн тоннаны құраған. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға жоғары. Ал табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі 6,7 млрд текше метрге жетті, яғни былтырғы жылдың көрсеткішінен 19 пайызға артық.
Мұнай тасымалдау көлемі 49 млн тоннаны құраған.
Қосымша тасымалдау бағыттарын дамыту жұмыстары қолға алынды: 7 айда Әзербайжан бағытына 0,9 млн тонна, Германияға 1,1 млн тонна мұнай тасымалданды. Мажарстанға 85 мың тонна көлемінде Қазақстан мұнайының алғашқы партиясы жеткізілді.
Биыл отандық мұнай өңдеу зауыттарында 10,4 млн тонна мұнай өңделді. Соның ішінде жанар-жағармай өндірісі 7,8 млн тоннаға жетіп, 936 мың тоннаға ұлғайды. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Маңғыстау облысындағы Кендірлі зауытында тұшытылған теңіз суы Жаңаөзен қаласының су тарату желісіне жіберіле бастады. Бұдан бөлек, қуаты 247 МВт болатын гибридті электр стансасының құрылысы жүріп жатыр. Жылына 1 млн 250 мың тонна өнім шығаратын полиэтилен зауыты бой көтеруде. Жоба құны – 7,4 млрд доллар.
Қабылдау барысында Президент геологиялық барлау және ірі инвестициялық бастамаларды іске асыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
