Биыл қаңтар-қыркүйекте елімізге 11 мың адам келген. Бұл өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда бір жарым есе артық, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ranking.kz порталының дерегінше, өңірлер бойынша келгендердің басым бөлігі Маңғыстау облысына тұрақтаған: 2,4 мың адам, бір жылда 53,9 пайызға көбейген.
Одан кейін Алматы (2,1 мың адам, 67,1% көбейген) және Алматы облысы (1,4 мың адам, 8,4 есе көбейген) тұр.
Келгендер ең аз қоныстанған өңір Қызылорда облысы: жыл басынан бері небәрі 12 адам келді, бір жыл бұрын 7 адам ғана болған.
Қарағанды облысынан көп адам кеткен: 2,5 мың — бір жыл бұрынғыдан 31,5 пайызға аз.
Одан кейінгі орында - Қостанай (2,4 мың адам, 6% азайған) және Павлодар (2,3 мың адам, 14,8% азайған) облыстары.
Ең аз адам Қызылорда облысынан кеткен: бар болғаны 42, бір жыл бұрынғыдан 28,8 пайыз азайған.
Биыл елімізге 989 техникалық, 516-сы экономикалық, 351-і педагогикалық, 219-ы медициналық, 130-ы заңгерлік, 106-сы сәулет-құрылыс, 70 ауыл шаруашылығы мамандары келген.
Елімізден кеткендердің ішінде 3,5 мың адам техникалық, 1,6 мыңы экономикалық, 1 мыңы педагогикалық, 542-і медициналық, 378-і заңгерлік, 218-і сәулет-құрылыс өнері, 159-ы ауыл шаруашылығы мамандығын алған.
Биыл Өзбекстаннан келгендер саны басым: 4,8 мың адам — бір жыл бұрынғыдан бірден 88,8 пайыз артық.
Екінші және үшінші орында Ресей мен Түрікменстан тұр. Үздік бестікке Қырғызстан мен Қытай да кіреді.
Қазақстаннан Ресейге кеткендердің қарасы қалың: 16,6 мың адам — бір жыл бұрынғыдан 21,4 пайыз аз.
Одан кейін Германия, АҚШ, Польша және Өзбекстан алдыңғы орында.