- Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша, 9,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.
«2016 жылдың қорытындысына арналған болжамды деректерге сәйкес, 9,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. 2009 жылдан бастап халықтың тұрғын үймен қамтамасыз етілуі 14,8 пайызға артып, өткен жылы 21 шаршы метрді құрады», - деп атап өтті министр.
Осы ретте ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгенін, оның мақсаты тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурстарды бір бағдарламаға шоғырландыру болып табылатындығын атап өтті.
«Тұжырымдаманың басым бағыттары мыналар: Бірінші, ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несие беруді қолдау; Екінші, құрылыс компаниялары үшін қарыздарды жабу жолымен жеке құрылыс салушыларды ынталандыру; Үшінші, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін «револьверлік» қағидат бойынша кредиттік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту; Төртінші, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; Бағдарламаның соңғы бағыты, мемлекеттің жер учаскелерін беруі арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту», - деді Бишімбаев.
Оның атап өтуінше, ипотекалық кредит беру нарығын жандандыру мақсатында азаматтарға екінші деңгейдегі банктер беретін ипотеканың проценттік ставкасының бір бөлігін мемлекеттің субсидиялауы арқылы халықтың сұранысын ынталандыру көзделіп отыр. Банктің сыйақы ставкасы жылына 17 пайыздан артық болмайды және 7 жыл ішінде субсидиялау болжанады.
«Түпкілікті қарыз алушының ипотекасын 10 пайызға дейін төмендету үшін мемлекет сыйақы құнының 7 пайызына дейін жабуды қамтамасыз ететін болады. Бүгінгі күні осы мақсатқа 2017 жылға арналған республикалық бюджетте 10 млрд. теңге көзделген, бұл 120 млрд. теңге сомасында жеңілдікті ипотекалық қарыз беруге мүмкіндік береді», - деді министр.