05 қаз, 2016 сағат 10:33

Биыл бюджеттің 12 млрд. теңгесі игерілмей қалуы ықтимал

"Республикалық бюджеттен 12 млрд. теңге игерілмей қалуы ықтимал. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті", - деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі «ҚазАқпарат» агенттігіне сілтеме жасап.

«Жыл соңына дейін 62 жұмыс күні ғана қалды. Бюджеттік процедураларға талдау жасағанымызда - 12 млрд. теңге республикалық бюджет қаражатының игерілмеу қаупі барын анықтадық», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар Қаржы министрінің атап көрсеткеніндей, жергілікті өңірлерде де мемлекеттік сатып алуға қатысты да бірқатар мәселелер бар.

«Бүгінгі таңда жергілікті органдарда 18 млрд. теңгеден астам сатып алуларға келісімшарт әлі жасалмаған», - деді ол.

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, міндеттемелердің ең ірі көлемі Қызылорда облысында атқарылмауда - 3,5 млрд. теңге, Ақтөбе облысында - 2,5, Ақмола облысында - 1,9, Маңғыстау - 1,7, Атырау облысында - 1,6 млрд. теңге.

«Биылғы жылы облыста сұранысы бар кәсіпорындар, шағын және орта бизнес ол ақшаны пайдалана алмай қалды. Уақыт өте аз қалды. Байқау жариялап, қорытындысын шығару керек, жеткізушілермен келісімшартты келісіп, қол қою қажет, аванстық төлемдер атқарып, атқарылған жұмыстарды күту керек, осының барлығына тек 62 күн қалды», - деді Б. Сұлтанов.