Фото: © Sputnik / Болат Шайхинов
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев әйелін өлтірді деген күдікпен қамалған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Оның айтуынша, Бишімбаевқа қатысты "Аса қатігездікпен жасалған адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол қазір ұсталды. Сонымен бірге қылмысты жасырғаны үшін экс-министрдің туысқаны да қамалды.
"Ол ағасы ма, інісі не, мен оны нақты айта алмаймын. Бірақ туысқаны екені нақты. Сол күні қасында болған және ауыр қылмыстың жасалғандығы туралы полиция органдарына хабарламаған. Бұл - жеке бап. Тіпті, бұл қылмысты жасыруға тырысқан", - деді Өмірәлиев Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Ол қылмыстық іс бойынша барлық сараптама жасалатынын атап өтті.
"Марқұмның өліміне алып келген, әрине, тікелей Бишімбаевтың заңсыз іс-әрекеті екендігі сөзсіз. Сараптамалар дайын болғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі", - деді Бас прокурордың орынбасары.
Еске сала кетейік, 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірген еді.
Кейбір БАҚ беттерінде Бишімбаевтың "мас күйде болғаны", тіпті "есірткіге мас болғаны" туралы хабарланды. Полиция марқұмның жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.
ІІМ сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған еді. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.
Кейіннен Ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Қуандық Бишімбаевтың әйелінің өлімін тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.