14 қар, 2023 сағат 16:24

Бишімбаевтың әйелінің өлімі: мейрамханадан бейнематериалдар алынды

Фото: © Sputnik / Санат Имангалиев

Астана Полиция департаменті бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі өлтірілген Bau мейрамханасындағы бақылау камераларынан бейнематериалдарды алды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция департаменті кісі өлтіру дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.

"Тергеу органдары қызмет көрсетуші персонал мен жасалған осы аса ауыр қылмыстың мән-жайын білуі мүмкін басқа да адамдардан жауап алу кезінде деректердің қорытындыларына тексеру жүргізеді. 

Сондай-ақ оқиға орнынан тиісті зерттеулер тағайындалған бейнематериалдар алынды.

Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді", - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы тараған хабар қоғамда резонанс тудырған еді.

Астана қаласының Полиция Департаменті сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.

Кейіннен Ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Сондай-ақ Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Бұдан бөлек экс-министр әйелінің өлімін тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.