25 қаз, 2016 сағат 10:32

Бишімбаев: Қазақстанда 23,6 млн. тонна астық бастырылды

- 23,6 млн. тонна астық бастырылды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында еліміздің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндірудің 7,0 пайызға ұлғаюының есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсуі 4,9 пайызды құрады. Мал шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 2,5 пайызға өсті. Ағымдағы жылы дәнді дақылдардың рекордты өнімі жиналды. 24 қазандағы жағдай бойынша гектарынан 15,4 центнер өнімділік кезінде 23,6 млн. тонна астық бастырылды. Бұл өткен жылғы деңгейден гектарына 2,4 центнерге жоғары», - деді Бишімбаев.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 12,3 пайызға төмендеген. Ал, қалған облыстардың барлығында өсім тіркеліп отыр.

«Ең жоғары өсім Ақмола облысында - 13,1, Қостанай облысында - 7,9 және Батыс Қазақстан облысында 6,8 пайыз деңгейінде байқалды», - деді министр.