14 қар, 2023 сағат 12:42

Бишімбаев ісі: Гастро-орталық директоры 2 айға қамауға алынды


Фото: ©️ Tengrinews.kz

Қылмыс болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры 2 айға қамауға алынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Астана қаласы полиция департаментіне сілтеме жасап.

"Bau" мейрамханасында әйелді өлтіру фактісін тергеу аясында Гастро орталық директорына қатысты бұлтартпау шарасы – 2 айға қамауға алу санкцияланды" - делінген хабарламада.

Айта кетейік, ол қылмысты жасырды деген күдікке ілінген (ҚР ҚК 432-бабы).

Ведомство мәліметінше, тергеу жалғасып жатыр, сондай-ақ өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді.

Еске сала кетейік, 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы тараған хабар қоғамда резонанс тудырған еді.

Астана қаласының Полиция Департаменті сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.

Кейіннен Ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.

Сондай-ақ Бишімбаевқа қатысты 2 ай мерзімге қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы тағайындалды.