04 мау, 2018 сағат 10:26

Біртанов менингит вакцинаcы туралы: Бағасы шынымен де қымбат

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында елімізде менингиттен вакцинациялау бағасының неліктен қымбат екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Вакцина құнына келер болсақ, шынымен қымбат. Басқа вакциналармен салыстырсақ қымбат. Өнім фармацевтикалық және бүгінде біз дәрілік препарат бағасы қымбаттамауы үшін қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Мемлекет есебінен сатып алынатын вакцина міндетті түрде басқа елдердегі төмен вакцина бағасымен тіркеледі. Бағасы қымбат болса да, біз қымбат бағада сатып алуға мәжбүрміз. Бұл – ғаламдық проблема», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр Қазақастанда келесі жылдан бастап дәрілік препараттардың бағасын реттеу туралы заңнаманың Парламент қарауында екенін атап өтті.

Еске сала кетсек, Біртанов 2018 жылдың басынан бері менингитпен аурыған науқастар саны мен өліммен аяқталған жағдайлар туралы айтқан болатын. Сонымен қатар, менингит жұқтырған 58 науқастың 12-сі көз жұмды деп хабарлады.