19 шіл, 2018 сағат 19:25

Біртанов: Денис Тен көп қан жоғалту салдарынан көз жұмды

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов танымал спортшы Денис Теннің өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бүгін сағат 14:56-де Алматы қаласындағы жедел жәрдем станциясына телефон арқылы бригада шақырылды. 10 минуттан кейін жедел жәрдем науқастың жанында болған. Сол кезде дәрігерлер оның Денис Тен екенін білген. Оның жағдайы өте нашар болған. Ол шұғыл түрде 11 минутта ауруханаға жеткізілді. Жолда дәрігерлер реанимациялық шаралар жасады. Себебі, клиникалық өлім де болған», - деді министр журналистерге.

Кейін Біртанов Денис Теннің көп қан жоғалтуы салдарынан көз жұмғанын айтты.

«Алдын ала стационарға хабар берілген. Хирургтардың барлығы дайын отырған. Ол тікелей операциялық үстелге жатқызылды. Өкінішке қарай, 2 сағат реанимациядан соң, Денис Тен қайтыс болды. Ол қан көп жоғалтқан», - деді ол.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі дәрігерлер танымал спортшының өмірін аман сақтап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасағанын атап өтті.

«Медициналық қызмет толық көлемде көрсетілді. Қан көп жоғалтуы салдарынан оның өміріне қауіп төнген. Тиісті қорытынды патологиялық-анатомиялық зерттеуден соң шығарылады. Ол жедел жәрдем қызметі келгенше көп қан жоғалтқан», - деп түйіндеді сөзін Елжан Біртанов.

Еске сала кетсек, бүгін Алматыда танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланды.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында бүгін түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.