Ресей Орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні өткен Ресей президенті сайлауына қатысқан сайлаушылар дауысының бестен бір бөлігі саналып болғаннан кейін қазіргі мемлекет басшысы Влдимир Путиннің 72 пайызға жуық дауыс жинағанын жариялады. Одан кейінгі орындарға Ресей Федерациясы коммунистік партиясы кандидаты Павел Грудинин (15,9 пайыз), Ресей либерал-демократиялық партиясы жетекшісі Владимир Жириновский (6,9 пайыз), "Гражданская инициатива" тобынан Ксения Собчак (1,39 пайыз) жайғасты, деп хабарлайды Азаттық.
"Яблоко" партиясының негізін қалаушы Григорий Явлинский, "Партия роста" саяси ұйымы лидері Борис Титов, "Коммунисты России" партиясы жетекшісі Максим Сурайкин және "Российский общенародный союз" партиясынан түскен Сергей Бабурин, алдын ала деректер бойынша, әрқайсысы бір пайызға да толмайтын дауыс жинаған.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, президент сайлауына дауыс беруге сайлаушылардың шамамен 60 пайызы қатысқан. ОСК жетекшісі Элла Памфилова сайлау "ашық өтті" деп мәлімдеді. Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды жақтайтын бақылаушылар дауыс бергендер саны бойынша шынайы көрсеткіш бұдан төмен – 55 пайыз дейді. Ресми дерек бойынша, бұның алдында 2012 жылы президентті сайлауға дауыс беру құқығына ие ресейліктердің 65 пайызы қатысқан.
Сайлау учаскелеріндегі жағдайды бақылаған белсенділер дауыс беретін жерге сайлаушыларды ұйымдастырған түрде жаппай әкелу, сайлау жәшіктеріне бюллетеньдерді топтап тастау тәрізді заң ережесін бұзу жайттарын тіркеген. Сонымен бірге бақылаушыларға күш қолданылған бірнеше оқиға туралы ақпарат тараған.
Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру барысында елеулі бұрмалаушылықтар тіркелмеген деп хабарлаған. Путиннің сайлауы штабы кемшіліктер туралы "бірен-саран" арыз-өтініш болғанын айтқан.