26 шіл, 2016 сағат 19:12

Бірінші арнаның жаңалығы қоғамда тағы да күлкіге айналды (Видео)

Бұған дейін жерін қорғау үшін митингке шыққан қазақтарды ақшаға сатылған деп айыптап, артынша бүкіл қоғамға күлкі болған Бірінші арна тілшілері тағы да мазаққа айналды. Күні кеше аталған телеарна «арандатушылардың» митингке шығушыларға ақша беріп жатқан видеосын көрсетіп, өздерінің айыптауларын дәлелдегісі келгендей болған. Алайда, олардың ақталу әрекеттері кезекті рет сәтсіз шықты деуге толық негіз бар.

Толық негіз бар дейтініміз, кешелі бері әлеуметтік желі қолданушылары, оның ішінде танымал журналистер мен блогерлер, тіпті шоу-бизнес өкілдері де Бірінші арнаның үш журналисін мазаққа айналдырып, телеканалды мүлдем жауып тастауын талап етуде.

«Еуразиялықтардың» сенсация деп көрсеткен бейнеролигі бірнеше секундқа созылады. Онда беттері көрсетілмеген бірнеше ер және әйел адамның ақшаны доллармен алып жатқаны көрсетілген. Түсірілім жасырын түрде жүргізіліпті. Бірақ, жасырын жүргізілсе де ақшаның 100 долларлық купюра екенін «арандатушылар» мен «бүлікшілер» бейнекамераға тақап көрсеткен. Қысқасы бұл роликтің алдын ала ұйымдастырылған «қойылым» екені айқын көрініп тұр.

Естеріңізге салайық, бұған дейін Бірінші арнаның қос журналисі Аймира Шаукентаева мен Руслан Смыков еліміздің бірнеше қаласында ұйымдастырылған митингтердің артында Батыс тұрғанын, «бүлікшілердің» әрбіріне 100 АҚШ долларынан беріп жатқанын айтқан болатын. Мұнысымен олар жұрттың ашуын емес, күлкісін туғызды. Ал, кешегі еш дәлелі жоқ бейнероликті әлеуметтік желі пайдаланушылары сарказммен талқылап жатыр.

«Бұл не? Бұл не масқара? Тым төмен, мүлдем кәсібилік жоқ. Түсінбедім, бұлар кіммен ұрысып отыр? Үшеуі бір-біріне жарты сағат бойы мұның сенсация екенін дәлелдеп әлек», — дейді «31 арна» ақпарат бөлімінің директоры Гүлжан Мұқұшева.

«Менің ойымша Дәурен Абаев (Ақпарат және байланыс министрі) мұны көруі керек!!! Екі рет көруі керек», — дейді тележүргізуші Динара Сатжан.

«Бірінші Еуразия. Жабылыңдар. Дәл бұлай болғанша, мүлдем болмағандарың жақсы. Сендердің әзірлегендерің бәленің жартысы ғана. Сендердің өздерің қауіптісіңдер», — дейді журналист Азамат Ерғалиев.

Айта кетейік, Қазақстандағы митингтер сәуір айында басталған болатын. Ең алғашқы болып алаңға атыраулықтар шықты. Кейін «жер сатылмасын» деп ұрандатқандар Ақтөбе мен Ақтауда, Семей мен Жаңаөзенде және Қызылорда қалаларында бас көтерген. Нәтижесінде, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіндегі бірқатар нормаларға мораторий жариялады. Яғни, ауылшаруашылық жерлерінің жекеменшікке сатылуына, шетелдіктерге жалға берілуіне уақытша тыйым салды.