Белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қатысты азаматтық-процессуалдық сот соңына жетті. 1,5 айға созылған процесс барысында ерлі-зайыптылар өздерін қорғайтын бірде-бір дәлел келтіре алмай, сотта жеңілді.
Еске салайық, 13 сәуірде Мамай мен Иманбай өздерінің YouTube каналында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті жемқор деп айыптап, бірнеше видеоматериал әзірлеген болатын. Артынша Бауыржан Байбек сұхбат беріп, өзінің ар-намысын заң аясында қорғайтынын мәлімдеді.
30 сәуірден басталған азаиматтық-процессуалдық сот процесі кезінде Мамай мен Иманбай жауап беруші тарап ретінде видеода айтқан деректеріне дәлел келтіруі керек болған. Алайда, олар жауап құжаттарын өздеріне берілген уақытта емес, бірнеше күнге кешіктіріп әкеліп, салдарынан процесс бірнеше рет кейінге қалдырылған.
Мамай мен оның қорғаушылары сотқа ұсынған 1,7 мың беттік құжаттарды тексеріп шыққан заңгер Айжан Тәшенова (Б.Байбектің мүддесін сотта қорғап жатыр – авт.) оның бірде-бірі ресми құжат емес екенін, сондықтан оларды дәлел ретінде қарауға болмайтынын айтты. Оның сөзінше, ерлі-зайыптылардың дәлел деп жинап әкелген құжаттарының көбі әлеуметтік желідегі жазбалар, БАҚ беттеріндегі мақалалар, анонимді телеграм-каналдардың сілтемесі болған.
Бүгін Әуезов аудандық №2 сотта судья Райхан Сартаева да Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбаеваның видеоматериалдары жала екенін растап, Бауыржан Байбектің шағымын қанағаттандырды.
Осылайша, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасарына қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін Жанболат Мамай мен Инга Иманбай сотта қаралған видеоматериалдардың бәрін интернеттен өшіруге және онда айтылған деректерді жоққа шығаруға міндеттелді. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылар 876 мың теңге көлеміндегі сот шығындарын да өтеуі тиіс.
Еске салайық, кеше аталған іс бойынша өткен негізгі процесс шамамен жарты күнге созылып, судья екі тараптың да сөзін тыңдады. Сөзталас кезінде Мамай да, Иманбай да тақырыптан ауып, Бауыржан Байбекке мүлдем өзге айыптар тақты. Ал, сұрақ-жауап кезінде Жанболат Мамай заңгер Айжан Тәшенованың сауалына жауап беруден бас тартып, ол үшін қорғаушылары сөйледі.