Бүгін Шымкент қалалық әкімдігінің шенеуніктеріне қызметтік көліктері қайтарылды. Бір ай бұрын қаланың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен қызметтік көліктер тұраққа қойылып, мемқызметшілерге қоғамдық және жеке көліктерімен қатынау міндеттелген болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Көлігіне қайта мінгендердің қатарында қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, аудан әкімдері мен олардың орынбасарлары бар. Бүгін шаң басқан көліктер қайта пайдалануға берілді.
Әкімдіктегілердің айтуынша, бұл шара шаһардағы қоғамдық көліктердің жұмысын ретке келтіруге біршама септігін тигізген. Атап айтқанда, қала бойынша қатынайтың автобустардың бағыттары аздығы анықталып, әлеуметтік және жеке компанияларға жаңадан 12 бағыт ашу ұсынылды. Сондай-ақ әкімдіктің ресми сайтында көлік компанияларының рейтингі пайда болды, онда кез келген тұрғын жолаушы тасымалдайтын компанияның жұмысын бағалай алды. Азаматтардың арыз-шағымы мен рейтинг қортынды бойынша келісімшарт талаптарын сақтамаған 5 компаниямен келісім үзілді.
«Кейбір бағыттарда көлік кестесін көбейту ұсынылды. Мысалы, №4 бағыт бойынша - 4 кесте, №40 бағытқа - 2 кесте, №145 бағытқа 3 кесте қосылады. №101 және 89 бағыттардағы көлік кестесі қайта жасалды. Жолаушыларға қолайлы болу үшін мобильдік қосымша жасалды. Ол тұрғындарға қай бағыттағы автобустың қандай да бір аялдамаға қай уақытта келетінін анықтауға мүмкіндік береді. Қазір ол қосымша сынақтан өткізілуде. Жолаушыларға электронды билет беру жүйесін орнату бойынша «SMART-ЖКХ» ЖШС-мен меморандум түзілді. Муниципалды автопарк құру бойынша жұмыс атқарылуда. Таяу күндері қалаға жаңа 100 автобус келеді деп күтілуде. Автобус аялдамаларында көлік қозғалысының кестесі бар ақпараттық тақтайшалар орнатыла бастады. Енді тұрғындар өзіне қолайлы бағыт таңдау үшін осы кестеге қараса болғаны. Негізгі қорытынды 11 желтоқсанда өтетін жиналыста айтылады», - дейді Шымкент қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айгерім Жұмағұлова.
Еске салайық, экс-әкім Ғабидолла Әбдірахымов қарапайым халықтың жағдайымен жақынырақ танысу үшін әкімдік қызметкерлерінің қызметтік көліктерін тұраққа қойғызған болатын. Олар бір ай бойы тұрғындармен бірге жұмысқа қоғамдық көлікпен қатынаған еді. Шенеуніктер автобустармен қатынап қана қоймай, қоғамдық көліктердің лық толуы, жолаушыларға көрсетілетін қызмет дәрежесі секілді тұстарда кездескен кемшіліктерді тіркеп отырды.