Мырзашөл мен Шардара өңірлерінің жергілікті халқын қара жұмысқа ғана жегіп қойып, жастар арасында қоғамдық сананы жаңғырту ісіне мән бермеудің болашақтағы зардабы аз болмасы анық.
Кездейсоқтық па, әлде әлеуметтік желілер мен желілік басылымдарда жарық көрген біздің мақалаларымыз Үкіметке ерекше әсер етті ме, ол жағы бізге беймәлім.
Өткен бейсенбіде еліміздің бірнеше орталық ықпалды ұлттық сайттарында біздің Мырзашөл және Шардара өңірлерінің 500 мың халқын еліміздің қиыр түкпірінде, өркениеттен қашықта қалдырмауға шақырған және Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі қала, аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құруды ұсынған мақаламыз жарияланған еді.
Осы мақала жарық көрген соң, арада бір апта өтпей жатып Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Мақтаарал және Жетісай аудандарына жұмыс сапарымен барыпты.
Бұл туралы ақпаратпен қоса Өмірзақ Шөкеев пен Жансейіт Түймебаевтың бір топ мақта терушілердің қасында тұрып түскен фотосуреттерін аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі парақшалары мен жергілікті ресми билік қаржыландырып отырған бұқаралық ақпарат құралдары жалаулатып жариялап жатыр.
Осыған орай, бізге мынадай ой келді.
Біз өзіміз туып-өскен осы Мырзашөл өңірінің игерілу тарихын студент кезімізден бері сонау патшалық Ресейдің отарлау саясатымен құрылған Түркістан генерал-губернаторлығы тұсындағы 1867-1917 жылдардағы кезеңінен бастап, 1917-1991 жылдардағы кеңес өкіметінің мақта шаруашылығын дамыта отырып, Мырзашөлдегі руханият саласын қалай күйреткенін, сондай-ақ дәл бүгінгі тәуелсіз ел болған кезіміздегі жағдаймен салыстыра отырып, сарапқа салып, зерттеп келе жатырмыз.
Тарихқа тереңірек үңілсек, Түркістан генерал-губернаторлығының билеушілері патшалық Ресейдің отаршылдық мүддесі үшін мақтаны шикізат ретінде барынша көбірек өндіру және оны сатып, қаржы табу мақсатында Самарқан облысының Қожент уезінің Иіржар болысын және Жызақ уезінің Атақорған, Көктөбе, Қорғантөбе, Пістелітау және Шардара болыстарының аумақтарын қоныс еткен Мырзашөл өңірінің қазақтарын аяусыз жұмсап, оларды барлық қара жұмыстарға салып, өз пиғылдарына пайдаланды.
Сол секілді кеңес өкіметі тұсында да (1917-1991 жылдар) сондай солақай саясат жалғасын тауып, Мырзашөл қазақтарын Мәскеудегі ресми билік негізінен мақта егу, оны баптап-күту және теру, оған қоса жібек құртын өсіріп, мемлекетке тапсыру секілді негізінен азабы көп, бірақ нақты пайдасы аз қара жұмыстарға қара жұмыс күші ретінде қолданып келді.
Өкінішке қарай, Мырзашөл және Шардара өңірлерінің жергілікті қарапайым халқын мақта шаруашылығындағы қара жұмыс күші ретінде пайдалану саясаты еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері қарай да дәл сол баяғы патшалық Ресей мен кеңес өкіметі тұсындағыдай жалғасып келе жатыр.
Үкіметіміз Мырзашөл және Шардара өңірлеріне тек қана ауыл шаруашылығы саласының дамуын қамтамасыз ететін мақталы өлке ретінде ғана қарайтын біржақты ұстанымды басшылыққа алуын түбірімен қате саясат деп есептейміз.
Айтпақшы, біз Мырзашөл және Шардара өңірлерінің 500 мың халқын еліміздің қиыр түкпірінде, өркениеттен қашықта қалдырмауға шақырған және Түркістан облысын екіге бөліп, Мырзашөл, Шардара және Сарыағаш өңірлеріндегі қала, аудандардан еліміздің 15-ші жаңа Оңтүстік Қазақстан облысын құруды ұсынған хатымызды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына да жолдаған едік.
Осы хатымызға Өмірзақ Шөкеевтен: «Аталған мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзіретіне кірмейді», - деген жалғыз ауыз сөз жазылған ресми жауап алғанбыз.
Үкіметіміздің мұндай біржақты ұстанымының салдарынан Мырзашөл және Шардара өңірінде тұрып жатқан 500 мың қарапайым қара халық қазіргі заманғы өркениеттің даму үрдісінен мүлдем артта қалып қойып отыр.
Мырзашөл және Шардара өңірінде тұрып жатқан 500 мың қарапайым қара халықтың болашақ ұрпақтары – ұл-қыздары мен немере-шөберелері де басқалар секілді сапалы білім алуы, мәдениет пен өркениеттің осы заманғы озық түрлерін игеруі керектігі Үкіметіміз бен Түркістан облысы басшыларының назарынан мүлдем тыс қалғанын ашық айтуымыз керек.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың арнайы Жарлығымен бекітілген «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыруға Мырзашөл және Шардара өңірлерінің жергілікті ресми билігі мүлдем назар аударып отырған жоқ!
Түркістан облысының, оның ішінде Мақтаарал, Жетісай және Шардара аудандарының әкімдіктері тұрғындарды мақта мен қауын-қарбыз өсіруге жұмылдыру ісіне көбірек көңіл бөледі де, қарапайым қара халықтың рухани мұң-мұқтаждарына онша мән бермей келе жатыр.
Кем дегенде 500 мың халық тұратын, Түркістан облысының орталығынан 250 шақырым қашықтықта қалып қойған түкпірдегі өлкеде - Мырзашөл және Шардара өңірінде ұлттық мәдениетті ілгерілету, азаматтардың, әсіресе жастардың бойында білімге құштарлықты қалыптастыру секілді мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға жергілікті билік орындарының бұлайша немқұрайды қарауының болашақтағы салдары да жақсы бола қоймайтыны белгілі.
Қысқасы, Үкіметіміз бен Түркістан облысының әкімдігі Мырзашөл және Шардара өңірлерінің жергілікті қарапайым халқына тек қана қара жұмыс күші деп қарамай, нақты адамдармен, әсіресе жастармен рухият саласында жүйелі жұмыс істеп, түкпірде қалып отырған осы өлкеде Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың арнайы Жарлығымен бекітілген «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасын жүзеге асыру ісін мықтап қолға алуы тиіс.
Мырзантай Қожабайұлы ЖАҚЫП,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті (of Associate Professor), филология ғылымдарының кандидаты (PhD), «Зерттеуші» Республикалық ғылыми-білім беру орталығы» мекемесінің директоры.
Ұқсас жазба: