05 там, 2021 сағат 13:08

Сәкен Бибосынов - Олимпиаданың қола жүлдегері


Токио Олимпиадасында тағы қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов (52 келі) қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ол жартылай финалда ұлыбританиялық Галал Яфаймен қолғап түйістірген еді. 

Алғашқы раундта нокдаун алғанмен, отандасымыз жекпе-жектің соңына дейін жоғары деңгейде бокстасты. Тіпті, екінші және үшінші раундта Сәкеннің басымдығы байқалды. Дегенмен қорытынды нәтижеде төрешілер ұлыбританиялық боксшының қолын көтерді. 

Сәкен Бибосынов 1997 жылы дүниеге келген. 2019 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. 

Сәкен бұған дейін Пуэрто-Рикодан келген Янкиель Ривераны, франциялық Биллал Беннамды, испаниялық Габриэль Эскобарды жеңіп кетті. 

Еске салсақ, биылғы Олимпиадаға бокстан ерлер құрамасынан 8 спортшы барды. Олардың арасынан Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды. 

Қазақстандық боксшылар бұған дейінгі Олимпиадаларда барлығы 22 медаль алған. Оның 7-і алтын, 7-і күміс, 8-і қола.