Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді. 17 жасында ең жас Әлем чемпионы атанған Бибісараға аталған ұйым арнайы сертификатын да жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстандық Бибісара Асаубаева (2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген) – блицтен әйелдер арасында ең жас Әлем чемпионы. Бибісара 2021 жылдың 30 желтоқсанында Польшаның Варшава қаласында блицтен әйелдер арасында өткен Әлем чемпионатында 17 жасында жеңіске жетті»- делінген ресми құжатта.
Естеріңізге сала кетейік, отандасымыз Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында блицте бірінші орынды жеңіп алып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасындағы ең жас шахматшы атанған еді.
Сондай-ақ аталған чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (рапид) 2-орынды иеленді. Шешуші партияларда Бибісара грузиялық тәжірибелі шахматшы - гроссмейстер Нану Дзагнидзені, өз отандасы Әсел Серікбайды жеңіп, чемпионаттың жеңімпазы халықаралық гроссмейстер Александра Костенюкпен тең ойнады.
Айта кетейік, Қазақстан тарихында тұңғыш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатының триумфаторы атанған Бибісара 2004 жылы 26 ақпанда Тараз қаласында дүниеге келген.