Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Бүгін Мәскеуде өтіп жатқан "Шахмат жұлдыздары" атты халықаралық турнирде сенсация болды. Блиц шахматтан екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева рапидте бәсекенің басты фавориті саналған Сергей Карякинді жеңді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Карякин – әлемдегі ең мықты гроссмейстердің бірі. Қазіргі уақытта оның 2 739 ұпайы бар.
Турнир комментаторларының айтуынша, Бибісараның блицте әлем чемпионы болғаны бекер емес. Ол Сергейдің керемет қорғанысына қарамастан, салқынқанды ойынымен жеңіске жеткен.
Екі мықтының ойыны мазмұны жағынан да, тиімділігі жағынан да турдың сәнін келтірген.
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі
Бибісара бұған дейінгі сұхбаттарында осы турнирде Сергей Карякин және Теймур Раджабовпен ойнағысы келетінін бірнеше рет айтқан.
Өз кезегінде ресейлік гроссмейстер мұндағы жалғыз жеңілісінен ұялмайтынын мәлімдеді. "Мен өте жақсы ойнайтын әлем чемпионынан ұтылдым", - деп айтты Карякин ойыннан кейін.
Айта кетейік, бұл жарыстың жүлде қоры – 15 миллион рубль. Қазір мұнда әлемдегі ең мықты шахматшылар шеберлік байқасып жатыр. Олардың қатарында Бибісара Асаубаева, Сергей Карякин, Александр Грищук, Теймур Раджабов, Раунаку Садвани, Франсиско Вальехо, Владислав Артемьев, Екатерина Лагно және басқалары бар.
Бір қызығы, қазақстандық гроссмейстер турнирге қатысатынын басталардан екі күн бұрын білген. Бибісара әлем чемпионы Владимир Крамниктің орнын басқан.
Рапид бәсекесі 24-26 қаңтарда өтті. Енді Асаубаева блиц түрінде (28 және 30 қаңтар) өз шеберлігін көрсетеді.