28 мам, 2018 сағат 10:21

Бірінші сыныпқа қабылдаудың жаңа ережелері қандай?

Бірінші сыныпқа қабылдау ережелеріне толықтырулар мен өзгертулер енгізілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 10 мамырдағы №254 қаулысына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлайды: бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі қағидаларына сәйкес, жалпы білім беретін оқу бағдарламасын іске асыратын білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, білім беру ұйымдарының қызмет көрсету аумағында тұратын балалардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, жеті жасқа толған және ағымдағы жылы алты жасқа толатын балалардың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз етеді.

Яғни, қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалар ағымдағы жылдан бастап 1 сыныпқа бара алады.

Өйткені, балалар күнтізбелік жылдың соңына дейін алты жасқа толып, мектепке қабылдану құқығына ие болады. Білім алушының ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері білім алу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқығы бар екендігін айта кеткен жөн.

Білім беру ұйымына қабылдаудан бас тартқан жағдайда, білім алушының ата-аналары немесе басқа заңды өкілдері тұрғылықты жері бойынша жергіліктібілім басқармаларына шағымданады.  Құжаттарды қабылдау 1 маусымнан 30 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, бірінші сыныпқа балаларды қабылдау үшін қажет құжаттар тізімінен мекенжай анықтамасы алып тасталған.