Қазақстан спортшылары Қытай астанасы Бейжіңдегі Қысқы Олимпиада ойындарына 60- астам лицензия ұтып алған. Бұл Пхёнчхандағы көрсеткіштен жоғары, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Иә, енді екі айдан кейін біздің спортшылар Қытайдың Бейжің қаласында өтетін 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарына қатысады. Біздің ұлттық құрама толық құрамда дайындалып жатыр. Әзірге спортшыларымыз 8 спорт түрінен 60-тан астам лицензия ұтып алды. Осының алдындағы Пхёнчхан қаласындағы ойындармен салыстырсақ, онда 58 лицензия болған еді. Биатлон, шаңғы жарысы, «фристайл могул», шаңғы қоссайысы сияқты спорт түрлерінен лицензиялық жарыстардың аяқталуын күтіп отырмыз. Бұл сайыстарда да спортшыларымыз лицензияға таласады», - деді вице-министр.
Оның айтуынша, лицензияға талас 17 қаңтарда аяқталатынын ескерсек, қазақстандық спортшылардың лицензия санын көбейтуге толық мүмкіндігі бар.
«Лицензияны сарапқа салу дедлайны 16-17 қаңтарға дейін деп белгіленген. Спортшыларымыз Еуропа және өзге де елдерде өтіп жатқан ірі халықаралық жарыстарға қатысып, лицензияға белсенді таласып жатыр. Осы маусымның басындағы нәтижелерін қарасақ, тағы да көбірек лицензия аламыз деген үміт бар», - деді Серік Жарасбаев.