Қытай астанасы - Бейжің жазғы және қысқы Олимпиаданы қабылдаған әлемдегі алғашқы қала атанып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кетсек, Бейжің 2008 жылғы жазғы Олимпиада ойындарының астанасы атанған еді. Енді араға он төрт жылдай уақыт салып Ақ Олимпиаданы өзінде қабылдауға мүмкіндік алды.
Бұған дейін екі және үш мәрте Жазғы Олимпиада астанасы атанған қалалардың қатарында Грекия астанасы - Афины (1896, 2004), Жапония астанасы - Токио (1964, 2020), Англия астанасы - Лондон (1908, 1948, 2012) қалалары бар.
Ал Франция астанасы - Париж 1900, 1924 жылы дүбірлі доданы қабылдаса, енді 2024 жылы әлем спортшыларына тағы бір мәрте есігін айқара ашады. АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында 1932, 1984 жылдары жазғы Олимпиада өткізілсе, 2028 жылы тағы бір мәрте айтулы аламанның алауы жағылады.
Айта кетейік, биыл Ақ Олимпиадада еліміздің намысын 34 спортшы қорғайды. Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спортттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен жүлделі орындарға таласады.