25 ақп, 2022 сағат 13:49

Бейжің олимпиадасында медальсыз қалғанымыз қазақстандықтарға ауыр тиді – Дәурен Абаев


ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Бейжің олимпиадасының қорытындысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бейжің олимпиадасы бойынша көңіл көншитіндей нәтиженің жоқтығы анық. Осы орайда сын-пікірлер орынды деп ойлаймын. Бұл олимпиада спорты ғана емес жалпы спорт саласында күрделенген проблеманың барын көрсетті. Оларды шешу үшін жүйелі жұмыс істеу керек. Алда спортшылар мен жаттықтырушыларды тиісті деңгейде әзірлеп, резервтер дайындау жоспары бар. Спорт саласындағы басқаруды дұрыс ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар спорттық инфрақұрылымдарды жетілдіріп, балалар спортын дамыту да күн тәртібінде. Яғни балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы және оларға жағдай жасау қажет», - деді Дәурен Абаев 

Министрдің айтуынша, отандық спорт саласын ауқымды реформа күтіп тұр. 

«Бейжің олимпиадасында медальсыз қалғанымыз қазақстандықтарға ауыр тиді. Бұл жерде тек олимпиада бойынша ғана емес, жалпы отандық спортта жүйелі проблеманың барын көрсетіп отыр. Олимпиадаға дайындық саласында кешенді шешім қабылдау керек. Және кешенді реформа спорттың барлық саласына қатысты. Спорттық секциядан бастап, халықаралық олимпиадаға дайындыққа дейін. Біздің алдымызда спортты дамытуға қатысты үлкен шаруа тұр. Отандық спорт болашағына қатысты жоспар қабылдау міндеті тұр. Оның қатарында жаңапорттық нысандар салу мәселесі де бар», - дейді ол. 

Айта кетсек, Щучинскіде Бейжіңде өткен XXIV қысқы олимпиада ойындарының қорытындысына арналған кеңейтілген отырыс өтіп жатыр.