Бейжіңде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әні шырқалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Нақтырақ айтсақ, латвиялық мәнерлеп сырғанаушы Денис Васильев қысқа бағдарламада қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әніне өнер көрсетті.
Васильев қысқа бағдарлама сайысында 85,30 ұпай еншілеп, 16-орынға жайғасты. Енді ол 10 ақпанда еркін бағдарламада сынға түседі.
Денис осыдан 4 жыл бұрын, яғни 2018 жылы бірінші рет Пхенчхан Олимпиадасына қатысқан еді. Онда ол жарысты 19-орынмен аяқтаған. Бейжің - оның екінші олимпиадасы.
Сондай-ақ, спортшы қаңтардың аяғында өткен Еуропа чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Бұл - оның карьерасындағы ең жоғары жетістігі және латвиялық мәнерлеп сырғанау тарихындағы ең үздік нәтиже.
Әзірге оның не үшін Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін таңдағаны белгісіз.