01 ақп, 2022 сағат 23:05

Бейжің-2022: Шаңғышылар мен биатлоншылар олимпиада алдындағы жаттығуға кірісті


Бүгін Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиадада шаңғымен жарысу және биатлоннан сынға түсетін атлеттер Чжанцзякоу кластерінде жаттығуға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық олимпиада комитеті мәлім еткендей, спортшылар соңғы жаттығу жиындарын шетелдерде өткізді, сондықтан Қытайға дейінгі сапар барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақталы. 

Биатлоншылар Бейжіңге Ыстанбұлдан келді.

Сондай-ақ, осы рейспен Бейжіңге шаңғышылар даұшып келді. Олар да таулы аймақ Чжанцзякоуда сынға түседі. 

Естеріңізге сала кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысады, олар 87 жолдама жеңіп алды. 

Бүгінде олар олимпиада қалашығына орналасты. Қазақстандықтар шаңғы жарысы, фристайл акробатика және могул, конькимен жүгіру, шорт-трек, биатлон, тау шаңғысы, тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы сияқты 8 спорт түрінен сынға түседі.

Ойындарды «Qazaqstan», «Qazsport», «Хабар» және «El arna» телеарналарынан тікелей эфирден көруге болады. 

Төртжылдық доданың ашылу салтанаты Нұр-Сұлтан уақытымен 4 ақпан күні, сағат 17:55-те басталады.

Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің байрағын биыл алғаш рет бір емес, екі спортшы алып шығады. 

Оның бірі - шорт-тректен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Абзал Әжіғалиев болса, екіншісі - конькиші Екатерина Айдова. 

Екі спортшымыз да - құрамадағы тәжірибелі, жүлдеге таласуға мүмкіндігі жоғары спортшылар.