17 ақп, 2022 сағат 17:08

Бейжің-2022: Морозова Олимпиада ойындарын 11-орынмен аяқтады


Бүгін Бейжің Олимпиадасы ойындарында конькимен жүгіруден 1000 метрлік қашықтықтағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған сында Қазақстан намысын Надежда Морозова мен Екатерина Айдова қорғады.

Жарыс қорытындысы бойынша Надежда Морозова 1000 метрді 1:15,69- секундта бағындырып, Олимпиада ойындарын 11-орынмен аяқтады.

Ал Екатерина Айдова аталған қашықтықты 1:16,70 уақыт көрсеткішімен жүгіріп өтіп, жалпы есепте 19-орыннан көрінді.

Бұл сында бас жүлдені 1:13.19 уақыт көрсеткішімен жапониялық Михо Такаги жеңіп алды. Ол сондай-ақ Олимпиада рекордын жаңартты.

Екінші орынды Нидерланды құрамасының өкілі Джутта Леердам (1:13,83) қанжығасына байлады. Ал 1000 метрді 1:14.61 уақыт көрсеткішімен жүгіріп өткен америкалық Бриттани Боуи қола жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада ойындарында еліміздің намысын 8 спорт түрінен 34 спортшы қорғап жатыр.

Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен сынға түсуде.

Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.