Бүгін Бейжіңде қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы бәсекелері басталып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін керлингтен дабл-микст бойынша топтық кездесулер өтіп жатыр.
Бірінші жарыс күнінде Ұлыбритания мен Швеция, Австралия мен АҚШ, Норвегия мен Чехия, Қытай мен Швейцария арасында матчтар өтуде.
Керлингтен дабл-микст бойынша он құрама команда жүлдеге таласады. Бірінші айналымнан соң төрт үздік команда жартылай финалға жолдама алады.
Финал және қола медаль үшін кездесу 8 ақпанға жоспарланған.
Ертең, яғни 3 ақпан күні қазақстандық Фристайлшылар алғашқы іріктеу жарыстарын бастайды.
Фристайл-могулдан Бейжің Олимпиадасында Қазақстан атынан алты спортшы сынға түседі.
Қазақстан командасының еншісінде алты жолдама бар. Қысқы ойындарда төрт әйел және екі ер адам бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Юлия Галышева, Аяулым Әміренова, Олеся Граур, Анастасия Городко, Дмитрий Рейхерд және Павел Колмаковқа жанкүйер боламыз.
Аталған спорт түрінде 13 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Фристайлшылар додасы 3-19 ақпан аралығына жоспарланған.