16 ақп, 2022 сағат 19:50

Бейжің-2022: Қазақстандық шорт-трекші Тихонова жүлдеден тыс қалды


Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарында бүгін әйелдер арасында шорт-тректен 1500 метр қашықтықта жүлделер сарапқа салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған қашықтықта Қазақстан намысын Ольга Тихонова қорғаған болатын. 

Ол мұз айдыда бес спортшымен бірге үшінші топта сынға түсті. Нәтижесінде 2:23,48 уақыт көрсеткішімен төртінші болып мәреге жетті. 

Алайда, оның жарыс барысында ереже бұзғаны анықталып жарыстан шеттетілді. Осылайша ол Бейжіңдегі Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады. 

Айта кетелік, шорт-тректен Қазақстан командасының ең үздік нәтижесін Абзал Әжіғалиев тіркеді. Ол 500 метрге жүгіруден А финалында сынға түсіп, төртінші орын иеленді. 

Айта кетейік, аталған Ақ Олимпиадада ойындарында еліміздің намысын 8 спорт түрінен 34 спортшы қорғап жатыр. 

Олар - қысқы спорт ойындарының ішінде спорттың шаңғы жарысы, фристайл-могул, шаңғы акробатикасы, тау шаңғысы, шаңғымен секіру, биатлон және шорт-трек түрлерінен сынға түсуде. 

Бейжің Олимпиадасы 20 ақпанда мәресіне жетеді.