Бейжіңде 4-20 ақпан аралығында өтетін Қысқы Олимпиадада Ұлттық ұланнан 6 спортшы ел намысын қорғайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, биатлоннан аға лейтенант Галина Вишневская-Шепоренко мен қатардағы жауынгер Александр Мухин сынға түседі.
Олимпиаданың ашылу салтанатында шорттрекші Абзал Әжіғалиевпен бірге Қазақстанның көк байрағын ұстап шығатын ефрейтор Екатерина Айдова коньки спортынан үш қашықтықта өнер көрсетеді.
Фристайлдан аға лейтенант Юлия Галышева мен кіші сержант Дмитрий Рейхерд, акробатикадан қатардағы жауынгер Жанбота Алдабергеноваға сенім артылып отыр.
2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Ю.Галышева – Қазақстанның басты үміттерінің бірі. Ол ертең іріктеу сайысына қатысады.
Олимпиадашыларға ҚР Ұлттық ұланы спорттық командасын даярлау орталығының бас бапкері, полковник Сәтжан Әбішев сәттілік тіледі.
«Олимпиада ойындарында ешкімге де жарыс жеңіл тимейді. Сондықтан спортшыларға барлық шеберліктерін көрсете біліп, жанкүйерлерін қуантуға тілектестік білдіреміз», - деді С.Әбішев.