Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ішкі істер министрлігі Астанадағы сауда-ойын-сауық орталығында болған бұзақылық дерегі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz Telegram-арнасы.
Ведомство мәліметінше, оқиға 18 маусымда болған. Астанадағы "Mega Silk Way" СОО-дағы кафелердің бірінде қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққан.
"Қазіргі уақытта осы факт бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ішкі істер органдары барлық қажетті жедел-тергеу іс-шараларын жүргізуде. Олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады", - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі таратқан хабарламада төбелеске қатысушының аты-жөні аталмаған. Бір күн бұрын Үкімет кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев бала көтерген ер адамға жасалған шабуылдың жай-жапсарын айтып, қақтығысқа қатысушылардың бірі атақты боксшы Бейбіт Шүменов екенін растаған болатын.