16 қар, 2018 сағат 16:38

Берлин қаласында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық форумы өтті (Видео)

Берлин қаласында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық форумы өтті. Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында өткізілген шараны Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Жазушылар одағы және Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырды.

Басты мақсат – қазақстандық мәде­ниет­ті әлемге таныту, әдебиетті дамыту, мәдениет пен өнер саласындағы кәсіби мамандар арасындағы рухани байланысты арттыру, шетелдік әріптестермен тығыз шығармашылық қарым-қатынас орнату, қоғамға адамгершілік құндылықтарының негізі әдебиет пен мәдениетте екенін жеткізу және ең бастысы - екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту.

«Жаһандық әлемдегі заманауи Қазақстандық мәдениет» тақырыбындағы жоба осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Отандық әдебиет пен мәдениетті әлемдік кеңістікке паш ететін осындай форум бұған дейін Сеул мен Лондонда өткізілген еді. Бұл шаралардың барлы­ғын­да да әдеби, мәдени ынтымақтастық саласындағы соңғы үрдістерді түсіну, өнер саласындағы мамандардың ұлттық идея шеңберіндегі күш-жігерін біріктіру үшін түрлі жұмыстар атқарылды.


Жоғары дең­гейде өткізілген форумдар шы­ғармашылық өкілдері мен ғылыми интел­лигенцияға үлкен серпіліс берді. Бер­линдегі халықаралық жиын­ға да Қазақстаннан жазушы, ақын, драматург, ғалым, зерттеуші, әдебиет­та­ну­шы, жур­налист, суретшілер қатысты. Олардың арасында: Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, Ұлттық академия­лық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, жазушы, публицист Ғаділбек Шалахметов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық ақындар одағының мүшесі, ақын, жыршы-термеші Баянғали Әлімжанов, балалар жазушысы, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Дария Түкенқызы, Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменов,  Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанова, айтыскер ақын Балғынбек Имаш бар. 


 Қазақ­тың әде­биеті мен мәдениеті кеңінен насихат­та­ла­тын жиынға осы елде тұратын қазақтар да атсалысты.

Форум барысында қаламгер Сәуле Досжанованың «Өгей жүрек» кітабының неміс тіліндегі, Баянғали Әлімжанның «Доброжелательный Аскар» және «Сказ 100-летнего степняка» кітаптарының тұсаукесері өтті.


Сондай-ақ, «Мәдениет және өнер» фотокөрмесі және Берлиннің Ұлттық кітапханасында «Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің» орталығы ашылды. Оған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік саяси аренадағы орны мен рөлін баяндайтын кітаптар, сондай-ақ отандық авторлардың қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі жинақтары ұсынылды.