Бұл - тариxи тұлғаның тариxи шешімі. Белгілі саясаттанушы, тарихшы ғалым, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешіміне қатысты осылай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ғалым Елбасы қиын-қыстау уақыттан елді аман алып шыққанын атап өтті.
«Бұл - тариxи тұлғаның тариxи шешімі. Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде билікте болған 30 жылына шолу жасап, мемлекет тарихындағы маңызды оқиғаларға тоқталып өтті. Шын мәнінде, Тұңғыш Президент өте қиын, күрделі кезеңде ел тізгінін қолына алды. Кеңестік Қазақстаннан Тәуелсіз Қазақстан қалыптастыру жолында үлкен жауапкершілікті мойнына жүктеді. Қиын-қыстау уақыттан елді аман алып шықты», - деп жазды Берік Әбдіғали әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында жаңа ұрпақ өсіп-жетілген. Мемлекеттің даму үрдісін жалғастыратын тұлғалар қалыптасқан.
«Осының бәрі мемлекеттік саясатта сабақтастық жүретінін көрсетеді. Үлкен өзгеріс болады деп ойламаймын. Нұрсұлтан Назарбаевтың Тұңғыш Президент деген мәртебесі сақталады. Nur Otan партиясының төрағасы қызметінде қала береді. Соңғы өзгерістерге байланысты Қауіпсіздік кеңесі төрағасының құзыреті кеңейді. Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз. Қазақ мемлекеті жаңғырды. Шекарамыз белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз анықталды. Тәуелсіздік құндылықтары қалыптасты. Қазақстан әлемге танылып, ғаламдық саяси процестерге белсенді араласа бастады. Осы 30 жыл қазақ тариxында «Нұрсұлтанның Нұрлы жолы» деген атаумен қалады», - деп жазды Берік Әбдіғали.
Еске сала кетсек, кеше Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдеме жасап, Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жөніндегі шешімін жария етті.