17 ақп, 2025 сағат 15:28

Берешегі 300 млн: Салық органдары блогерлердің соңына түсті

Фото: ашық дереккөз

Ойын-сауық бизнесінің кейбір өкілдеріне салық органдарынан көлемді берешек туралы ескертулер келіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Белгілі блогер Әлішер Елікбаевтың мәлімдеуінше, саладағы кей әріптестерінің салық қарызы 300 миллион теңгеден асып кеткен. Өзі де қарыз адамдардың тізімінде. Блогер салық органдары мұндай соманы қалай есептегенін түсінбей дал.

"300 миллион? Егер төленбеген салық осынша болса, бұл блогерлердің қаржы айналымы миллиард теңгеден асуы керек. Бірақ бұған сену қиын", – дейді ол.


Елікбаевтың айтуынша, салық органдарының назарындағы блогерлер қазір: "Бұл соманы мемлекет қайдан шығарды? Мұндай ақшаны түсімізде де көрген жоқпыз" деп тиісті мекемелерге шағымдануда.

Блогер өзі де осы тізімде екенін мойындап, шамамен бес миллион теңге қарызы пайда болғанын хабарлады. Ол қайырымдылық мақсатында халықтан жиналған қаражат (оның картасына түскен) жеке табыс ретінде есептелген болуы мүмкін деген күдігін білдірді.

"Бұрын донорлық бүйрекке ақша жинадым, кейін балалар хосписіне реанимобиль алу үшін де менің картама қаражат аударылды. Салық органдары мұны табыс ретінде санаған сияқты", – дейді Елікбаев.


Айта кетейік, Үкімет жақында сарапшылармен және бизнес өкілдерімен салық реформасы мәселесін талқылаған болатын.