«Берекелі баспана» бағдарламасы аясында елордалық көпбалалы отбасылар 6-7 мың теңгеге пәтер жалдап тұра алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қаналимов мәлімдеді.
Бүгін «Көпбалалы отбасы» санатында тұрғын үй кезегінде тұрған 150 отбасыға арендалық пәтердің сертификатын беру басталды.
«Арендалық пәтерлер №63 лицей маңында, Ш. Құдайбердіұлы мен Р. Қошқарбаев көшелерінің қиылысында салынған. Көпбалалы отбасылардың бағдарламасы болғандықтан, бір бөлмелі емес, 2-3 бөлмелі пәтерлер беріледі. 2 бөлмелі пәтердің ауданы - 50-55 шаршы метр, 3 бөлмелі пәтерлерде - 85-90 шаршы метр. Жалдау құны - пәтердің әрбір шаршы метріне 70 теңгеден. Яғни, орта есеппен айына 6-7 мың теңгеге жалдап тұруға болады», - деді Ерлан Қаналимов қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жалдамалы пәтер алуда аналардың табыс мөлшері тексерілмейді.
«Сонымен бірге, Тәуелсіздік күні қарсаңында 600-ден астам жаңа арендалық пәтер ең кемі бес жылға қолданысқа беріледі. Оған қоса, 2019 жылдың шілде айында көпбалалы отбасыларға жеңілдетілген 2% несиемен баспана беру бағдарламасы іске қосылады. Кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі осылай шешіледі», - деп атап өтті Ерлан Қаналимов.
Арендалық баспана бойынша биыл көпбалалы отбасыларға 928 пәтер қарастырылған. Бірінші кезеңде соның 150-і кезек басында тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі. Одан бөлек, қосымша 400 арендалдық баспана өзге де аз қамтылған отбасыларға бөлінген.