22 қыр, 2025 сағат 16:48

«Береке Fest»: Сиыр еті нарықтан төмен бағамен сатылмақ

Фото: ҚР СИМ

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау күшейтіліп, «Береке Fest» атты кең көлемді акция басталатыны хабарланды.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздің барлық өңірлерінен келген 80-нен астам ірі сауда желілерінің өкілдерімен өткен кеңейтілген отырыста мәлімдеді.

Отырысқа Қазақстан сауда желілері қауымдастығы, облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ Magnum Cash&Carry, Small&Skif, Anvar, Dina, Dana, Norma, Metro, Toimart, Galmart, INMART, Greenwich сияқты сауда желілері қатысты.

Бағаны бақылау:

  • Әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15% мөлшеріндегі сауда үстемесін сақтау міндеті еске салынды.

  • Жыл басынан бері Министрлік 2562 әкімшілік қаулы шығарды, оның ішінде 56,5 млн теңгеден астам айыппұл салынған.

  • Сиыр еті бойынша ғана 45 қаулы рәсімделіп, 33 жағдайда айыппұл тағайындалды.

Сауда министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ет өнімдерін жеткізу кезінде баға үстемесін қатаң қадағалау үшін қосымша мониторингтік топтар құрып жатыр. Сонымен қатар жасырын қымбаттау схемаларын болдырмауға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірленуде.

Аймақтық нәтижелер:

  • Жыл басынан бері аймақтық комиссиялар 747 отырыс өткізіп, 2301 бұзушылықты анықтады.

  • 1956 әкімшілік қаулы қабылданып, 345 өнімсіз делдал нарықтан шығарылды.

  • Электронды шот-фактураларды талдау барысында 9015 мың тауарлық тізбектің ішінен 823 тәуекелді бұзушылық табылды.

«Береке Fest» акциясы:
Ірі сауда желілерінде арнайы орындар бөлініп, жаңа өнімдер, соның ішінде көкөніс, жеміс-жидек және сиыр еті нарықтағыдан төмен бағамен сатылатын болады. Бұл акция қазақстандық өндірушілерді қолдаумен қатар, бірінші қажеттіліктегі азық-түліктің қолжетімді болуына ықпал етпек.

Сонымен бірге, өңірлерде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің саны артып, тұтынушыларға сапалы отандық өнімдерді тікелей өндірушіден алу мүмкіндігі беріледі.