09 қыр, 2016 сағат 18:39

Береке-бірліктің темірқазығы

Жамбыл жері ежелден ұлттық бірлікті санада сақтаған, татулықтың ордасы болған өңір. Отандастарымыздың береке-бірлігінің темірқазығы болатын идеяны одан әрі дамытуда бар күш-жігерін салып келеді. Елдің елдігін танытатын үлкен саланың бірі – өнер мен мәдениет. Бүгінде Жамбыл өңірінің өнері мен мәдениеті нағыз кемел, толысқан шағында тұр. Мәдениет ошақтары көп­теп ашылып, 545 мекеме халыққа мәдени қызмет көрсетуде. Мына бір көрсеткішке көз жүгіртіп көріңіз­ші… 2000 жылы мәдениет үйлері мен клубтардың саны бар болғаны 15-ақ болса, бүгінгі күні 199-ға жетті, ал кітап­ханалар саны 1999 жылы 21 ғана болса, бүгінгі таңда 287 кітапханаға жеткен. Міне, ел Тәуел­сіз­дігі­нің 25 жылдық мерейтойын облыстың мәдениет саласы осындай жетістіктермен қарсы алғалы отыр. Біз­дің Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВПЕН әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

– Қазіргі ұрпақтың маңдайына бұйырған бақ, ең құнды да қастерлі байлығымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жыл ішінде мәдениет саласы едәуір жетістіктерге қол жеткізді, – дейді Дүйсенәлі Дыбысалыұлы. – Мәдениет саласын дамытуға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі де жыл санап артып келеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында соңғы 4 жылда 1 795,0 млн теңгеге 111 нысан күрделі және ағым­дағы жөндеуден өтсе, биылғы жылы облыстық бюджеттен 242,5 млн тең­ге бөлініп, 29 нысанда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Облыстық қазақ драма театры­ның 80 жылдығы қарсаңында көп жылдан бері жөндеу көрмеген театр ғимаратына 526,0 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ел игілігіне пайдалануға берілді.

– Әрине, мәдениет саласының мың сан тірлігі бар. Күн сайын ең кемі бір іс-шара ұйымдастырылып жата­ды. Солардың кейбіріне тоқтала кетсеңіз.

– Ұрпақтан ұрпаққа асыл мұра болып жалғасып келе жатқан құнды қазынамыз – ұлттық өнеріміз бен мәде­ниетімізді ұлықтап, насихаттау және одан әрі жаңарту жолында көп­теген жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» республикалық жыршы-термешілер байқауы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Бір өлең, бір әуен» атты жергілікті ақын, сазгерлердің шығармашылық кеші, ақын Серік Томановтың 60 жыл­дығына орай «Адасып жүрген ақбөкен едім» атты республикалық жастар ара­сындағы жыр мүшәйрасы, «Ұлы Дала сазы» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі және Жуалы ауданында «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІІ халықаралық Алтынбек Қоразбаев атындағы ән конкурсы өтті.

Сонымен қатар, М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 90 жылдық мерейтойы ая­сында Жамбыл облысында гастроль­дік сапарда болды. Аталған ұжым Т.Рысқұлов ауданында «Сыған серенадасы» қойы­лымын, Жамбыл облыстық қазақ драма театрында, Сарысу ауданында «Сұлтан Бейбарыс» тарихи қойылымын сахналап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, облыстың шалғайда орна­лас­қан елді мекендерінен жаңа таланттар­ды табу, оларға қолдау көрсету мақсатында барлық аудандар мен Тараз қаласында «Жаңа есім-2016» облыстық кастингі өтті. Кастингке аудандар мен Тараз қала­сы­нан 300-ге жуық өнерпаз қатысты.

Ал алдағы уақытта «Жамбылым – ән бесігім» атты жергілікті сазгер­лердің облыстық байқауы, Ы.Дүкенұлы атындағы «Жезкиік» атты ІІІ респуб­ликалық қобызда орындаушылар конкурсы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы­на орай Астана қаласында «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты Жамбыл облысының күндері, К.Әзірбаев атын­дағы VІІІ республикалық «Шырқа, дау­сым!» әншілер конкурсы, «Театр kz» об­лыстық фестивалі, «Жамбыл жау­һары» атты виртуалды байқау және бас­қа да шаралар өткізу жоспарланып отыр.

– Жамбыл жері өнерлі жандарының көптігімен ерекшеленеді. Жергілікті өнерпаздар, жыршы-термешілердің шығармашылығы қалай насихатталуда?

– Мойынқұм ауданының тумасы, ақын-сазгер Болатбек Әбішевтің шығар­машылығын өңір жұртшылығына насихаттау мақсатында облыстық драма театрында ақынның шығармашылық кеші ұйымдастырылды, осы бағытты ұстанып жергілікті ақын, сазгер, жыршы-терме­шілер сияқты өнерпаздардың шығар­машылық кештерін өткізу жалғасын табатын болады.

Әбдімомын Желдібаев пен Аяз Бет­баевтың шығармашылығына арналған күйші, жыршы-термешілердің облыс­тық байқауы өткізіліп келеді. Үстіміз­дегі жылы Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Б.Әлібайдың қолөнер көрмесі Меркі аудандық музейінде жоғары деңгейде өткізілді. Көрмеге шебердің құнды 25 зергерлік бұйымы қойылып, музей қорына зергерлік бүйымдар топтамасын сыйға тарту етті. Сондай-ақ, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың 120 жылдығына орай Мойынқұм ауданында «Жер тарихы – ел тарихы» атты өлкетану тарихи-құжаттық көрме және дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.

Облыста мәдениет саласындағы шы­ғармашылық одақтармен тығыз байланыста жұмыс істеу жолға қойылған. Жамбыл облысы әкімдігі­нің қолдауымен Қазақстан Театр қайраткерлері одағымен жұмыстар жүр­гізіледі. Суретшілерді қолдау мақ­сатында облыстық көрме залында жергілікті суретшілердің көрмелері өткізіліп тұрады.

– Әрине, облыс орталығының тыныс-тіршілігі бөлек. Ал аудан­дардағы мәдениет ошақтарының жағдайы қалай?

– Облыста «халықтық», «үлгілі» атағы бар ұжымдардың саны – 46, биыл­ғы кезекті атақтарын қорғау аттестат­тауы­на жаңадан 14 ұжым­нан ұсыныс түс­ті, оның 8-і қаладан, 6-уы аудан­дардан.

Тәжірибе алмасу арқылы халық театр­ларының өнерлерін жетілдіру, жандандыру, шығармашыл жастар мен халық театрларына көптеп қатысуына ықпал ету мақсатында халық театрлары арасында облыстық «Театр kz» фестивалі жылда өткізіліп келеді. Сонымен қатар, былтыр ауыл тұрғындарының рухани сұраныстарын қанағаттандыруда жыл бойы атқарылған жұмыстарының қорытындысы шығарылып, нәтижесінде облыс әкімінің арнайы жүлдесі жария­ланды. Шу ауданы үздік деп танылып, бас жүлде «ГАЗель» автокөлігін иеленді. Ал қалған аудандар­ дыбыс күшей­ткіш аппаратуралар алды. Бұл басқарма тарапынан мәде­ниет және өнер мекемелері­нің материалдық-тех­никалық базасын жақсарту, қолдау көрсету болып табылады.

Осы орайда, 2015 жылы Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйым­дастыруымен Дағыстан Респуб­лика­сының Махачқала қаласында өткен «Каспий – берега дружбы» атты ІІІ ха­лық­­аралық фестиваліне Шу ауданы­ның «Әсем әуен» фольклорлық тобы қаты­сып лайықты марапатталды.

– Ал тарихи-мәдени мұрамызды сақтау, насихаттау жұмыстары қан­дай дәрежеде?

– «Тарихи мұра – баға жетпес қазы­на» дейді дана халқымыз. Көненің көзі, өркениетіміздің өзегі – тарихи жәдігерлеріміз. Қазіргі таңда облыста 3 365 тарих және мәдениет ескерт­кіші бар. Оның ішінде 741 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған.

Тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қалпына келтіру мақсатындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында облыстың барлық аудандарының және Тараз қаласының ескерткіштер жина­ғы шықты. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік мәдени мұра» тізбесі­не Жамбыл облысында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені енгізілді. 2011 жылдан бастау алған «Ежелгі Тараз» қалашығын­да археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, біршама нәтижелерге қол жеткізілді.

– Мәдениет саласында да кадр мәселесі бар ма?

– Мәдениетте де кадр тапшылығы бар. Алайда, білімі бар жас мамандарды жұмысқа тарту, мамандығы сай емес немесе орта білімді, сондай-ақ, зейнет жасындағы қызметкерлердің орнын толтыру мақсатында жұмыс­тар жүргізілуде. Облыстағы мәдениет мекемелерінен қажетті мамандар туралы ақпарат тұрақты алынып тұрады. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында соңғы 3 жылда 43 жас маман тартылса, олардың 19-ына 2 163,0 мың теңге көтерме жәрдемақы және 10-ына 26 932,0 мың теңге көлемінде  тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал биылғы жылы 6 маман қабылданып, оның 1-еуіне 148 470 теңге көтерме жәрдемақы берілген.

– Жалпы мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен қызметіне тоқталып өтсеңіз.

– Мәдениет мекемелерінің кәсіби дамуы мен халықтың мәдениет саласы қызметінің сапасына қанағаттану деңгейін арттыру барысында атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, облыс театр­лары 34 мың 724 көрерменге 256 қойылым ұсынып, репертуарларын толықтыру мақсатында әр түрлі жанрда 8 жаңа қойылым сахналады. Сол сияқты Жамбыл облыстық филармониясы ұжымы да жыл басынан бері  өткен барлық мерекелерге атсалысып көрермен көңілінен шықты. Есепті кезеңде аталған ұжым 139 концерт ұйым­дастырып, оны 65 мыңнан астам көрер­мен тамашалады.

Бүгінгі таңда облыста 7 музей халық­қа қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 96 мыңға жуық экспонатты отыз мыңдай келуші көрді. Бір мыңнан астам экскурсия, түрлі тақырыптарда 230 көрме ұйымдастырылды.

Жалпы алғанда, келер ұрпақтың рухани байлығын дамытып, эстетикалық талғамын жоғарылату, ұлтжандылық­қа, адамгершілікке патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында атқарылып отырған жұмыстар жалғасын таба береді.

Әңгімелескен

 Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан»

ТАРАЗ