Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбеде өткен «Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы мәселелері» аймақаралық форумында заңсыз мұнай мен газ айналымы үшін жазаны күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Бердібек Сапарбаев мұнай мен газдың көлеңкелі айналымы - Ақтөбе облысымен қатар, жалпы Қазақстан үшін де өзекті мәселе екенін атап өтті.
– Бұл ұлттық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі болып табылады. Мұнай мен газдың көлеңкелі айналымының ақыры баршаға аян, ол бюджет кірісін жоғалту, ақша қаражатының елден кетуі, халықтың тұрмыс жағдайының төмендеуі, инвестициялық жағдайдың нашарлауы. Осының бәрі мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуына қауіп төндіреді, - деп атап өтті өңір басшысы.
Ақтөбе облысында қазіргі таңда көмірсутек шикізатының 29 жер қойнауын пайдаланушылары жемісті жұмыс жасап жатыр. Биыл 5,9 млн. тонна мұнай, 6,5 млрд. текше метр газ өндіру жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жақын арадағы бес жылдакәсіпорындар мұнай-газ саласын жаңғыртуға кем дегенде 60 млрд теңге салатын болады. тек осы жылдың өзінде 19 геологиялық барлау жұмыстары жүргізілмек.
Мұнай өнімдерін ұрлау және заңсыз сату көбінесе ұңғыларды сақтамау салдарынан және еншілес фирмалар арасында жасасқан келісімшарттар негізінде мұнай құбырларына заңсыз түсіп кету арқылы мұнай-газ компанияларының, қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлерімен келіссөздер кезінде кездесетіні айтылды.
Мәселен, 2014-2016 жылдары «СНПС» АҚ-ның «Кеңқияқ» кен орнында ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдерімен 8 мың тонна мұнай ұрланған, бұл іске қатысы бар тұлғалар ұсталып, жазаланды.
Бүгінде Ақтөбе облысының ІІД мұнай ұрлығы мен оны заңсыз сатуға қатысты 17 қылмыстық істі тексеруде.
– Көлеңкелі айналым жекелеген ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыру көзі болып табылады, - деді облыс әкімі.
Форум жұмысына ҚР бас прокурорының орынбасары Андрей Лукин, ҚР бас көлік прокуроры Марат Әлиханов, ҚР бас әскери прокурорының орынбасары, Президент әкімшілігінің, ҰҚК, ІІМ, Ұлттық бюро, ҚР шекара қызметінің, салалық министрліктердің өкілдері, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және басқа да облыстардың әкімдері мен прокурорлары қатысады.