03 қаң, 2025 сағат 17:44

Белсенді сыртқы саясат – елдің тұрақты дамуы жолында

Фото: Kisi.kz, Бекжан Садықов

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ, Еуропа және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты туралы пікір білдірді. 

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл қорытындысын шығарып, Қазақстанның мемлекеттік құрылыс стратегиясының негізінде жатқан негізгі қағидаттарды атап өтті. Қазақстанның сыртқы саясаты ұлттық стратегияда негізгі орынды алады, ол елдің геосаяси мүдделерін, аймақта және жалпы әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға деген ұмтылысын да көрсетеді", - дейді ол.


Айтуынша, жылдам өзгермелі халықаралық тәртіпте Қазақстан бірқатар елдермен және халықаралық ұйымдармен тиімді серіктестік орнатуға ұмтылып, теңгерімді, прагматикалық және көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыруда.

"Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды қағидаттарының бірі – көпвекторлылық, бұл Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ және басқалар сияқты әртүрлі жаһандық ойыншылардың мүдделері арасындағы теңгерімді табуға, тәуекелдерді барынша азайтуға және пайданы барынша арттыруға мүмкіндік береді. Біздің стратегиялық әріптестерімізбен қарым-қатынасты тереңдету – тұрақтылықтың кепілі", - деп атап өтті.


Бекжан Садықов Қазақстан түрлі платформалар арқылы аймақтық ынтымақтастық идеяларын белсенді түрде алға жылжытуда деп есептейді.

"Сыртқы саясат пен тұрақты даму экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылықты сақтауға бағытталған стратегиялар арқылы өзара байланысты, бұл ішкі және халықаралық деңгейде маңызды екенін атап өткен жөн.
Тұрақты дамуға ұмтылатын елдер осы салалардағы ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін сыртқы саясатының әртүрлі аспектілерін біріктіреді. Бұл жағынан Қазақстан да тыс қалған жоқ", - дейді ол.


Сарапшы экология, климаттың өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік және цифрлық трансформация мәселелері әлі де маңызды сала екенін айтты. 

"Қазақстан орта держава және прагматикалық сыртқы саясаты бар мемлекет ретінде тұрақты дамуға мүдделі және халықаралық ұйымдар аясында серіктестермен белсенді ынтымақтасады, сондай-ақ климаттың өзгеруімен күресуге, биоәртүрлілікті сақтауға, азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуге бағытталған т.б. жаһандық бастамаларға қатысады.  
Қазақстанның халықаралық алаңдарға атсалысуы елге су ресурстары, экология және көші-қонға қатысты мәселелерді шешуге, сондай-ақ өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Біздің көпвекторлы сыртқы саясатымыздың тағы бір маңызды тұсы мен пайдасы – таза технологияларды пайдалануға, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған жобаларға шетелдік инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау. Бұл инвестициялар тұрақты экономикаға көшуді жеделдетуге көмектеседі", - дейді ол.


Бекжан Садықов халықаралық аренадағы прагматикалық әрекеттердің арқасында еліміз 15,7 миллиард АҚШ долларын тартқанын, бұл Солтүстік және Орталық Азия аймағындағы ең жақсы нәтиже болғанын атап өтті. Осылайша, біздің еліміз өзінің сыртқы саясатын жүзеге асыруда қалыптасқан көзқарасты ұстана отырып, орнықты дамуға тікелей әсер ететін саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді жалғастыруда.