Құтқарушылар үйінді астынан тағы үш адамның денесін шығарды. Оның екеуі бала, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ресейдің төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, үш адамның мәйіті табылған соң, тағы бір адамның қаза тапқаны туралы ақпарат пайда болды.
"Белгородтағы үйінді астынан барлығы 12 адамның денесі табылды", – делінген хабарламада.
Төтенше жағдай министрлігі бұған дейін бір адамның құтқарылғаны туралы хабарлаған еді. Ол 6 сағат бойы үйінді астында жатқан. Оның даусын құтқарушылар кезекті бір минут тыныштық кезінде естіп қалған.
Еске сала кетейік, 12 мамырда Белгородта Украина қарулы күштерінің шабуылы салдарынан көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі опырылып құлаған болатын.