11 қар, 2025 сағат 15:55

Белгілі қаламгер әрі режиссер Ғалым Доскен дүниеден озды

Фото: ҚР МАМ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет пен журналистика саласының көрнекті өкілі, қаламгер, режиссер-сценарист, медиаменеджер Ғалым Доскеннің дүниеден озғанын хабарлап, оның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Ғалым Төлембекұлы – қазақ әдебиеті, телерадио саласы және ұлттық журналистиканың дамуына айрықша үлес қосқан тұлға. Ол «Ұлан» газетінің бас редакторы, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрағасы қызметтерін атқарды.

Сонымен қатар, «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» мен «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» атты антологиялық жинақтарды дайындап, ұлттық өнердің асыл мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуге зор еңбек сіңірді.

Режиссер әрі сценарист ретінде «Киелі жерлер», «Жоғалған жарық хроникасы» сынды деректі фильмдерді түсіріп, қазақ халқының рухани қазынасын кеңінен насихаттауға ықпал етті.

Өмірін сөз өнері мен мәдениетке арнаған Ғалым Төлембекұлының жарқын бейнесі мен еңбегі халық жадында мәңгі сақталатыны сөзсіз.

Марқұмның жаны жәннатта болсын.